«Қазақстанда жаңа жылды мерекелеуге деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар ашық қарсылық білдіруде», - деп мәлімдеді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.
«Бұл мәселені сөз еткенде ең алдымен мерекенің ешбір діни мейрам емес екеніне назар аудару керек. Қазақстанда ешкім, ешқандай діни ұйым бұл мерекені діни мереке ретінде атап өтпейді және бұл күні ешкімге құлшылық жасамайды, ешқандай діни рәсімдер өтелмейді. Яғни, дінге қатысы жоқ. Бұл – Рождество мерекесі емес» деген Дін істері комитетінің басшысы Жаңа жыл мерекесін атап өтпеуге шақыру көбінесе радикалды ұстанымдағы діндарлардың бастамасы екенін айтады.
Оның айтуынша, діни мереке Рождество жаңа жылдан бөлек аталып өтетіндіктен, бұл жерде ешқандай діни алауыздық туғызудың қажеті жоқ.
«Ол (Жаңа жыл – ред.) әлемнің көп елдерінде дініне, ұлтына қарамай мерекеленеді. Егер мейрам жұртқа, балаларға қуаныш әкелсе, осы мейрам арқылы отбасылық жылы қарым-қатынастар нығайса, ақ тілектер айтылса, осы мейрам кезінде қайырымдылық шаралары, басқа да игі жұмыстар жүргізіліп жатса, Жаңа жылды неге атап өтпеске?» дейді Ғалым Шойкин мырза.
Дін істері комитетінің жетекшісі кей дін өкілдерінің бұл наразылығын олардың барлық мереке атаулыға қарсылық білдіретін, кертартпа әрекеттерімен байланыстырады.
«Бұл радикалдардың айналасымен санаспайтындығының кезекті бір көрінісі. Деструктивті ағымдар зайырлы іс-шараларға үнемі қарсылық білдіруде. Тіпті, олар Наурыз мейрамын да тарихи тамыры тереңде болса да мерекелеуге қарсы болуда. Мұндай ағымдар исламдағы мерекелерге де қарсы. Мұсылмандардың көбі Мұхаммет пайғамбардың туған күні – Мәулітті мереке ретінде атап өтеді. Осы мереке кезінде де мұсылман жамағатының арасына жік салуға тырысады», - деген Қазақстанның ең алдымен зайырлы мемлекет екенін назарда ұстауға шақырады.
«Біздің еліміздің өз тарихы, оның ішінде ислам дамуындағы қазақтардың өз құндылықтары бар. біздің ол дәстүрлеріміз қазақтығымыздың басты құраушысы. Біз өз мәдениетімізді, тілімізді, салт-дәстүрлерімізді, төл тарихи санамызды қалыптастырудамыз. Бұл бізді жаһандасу дәуірінде бұқаралық мәдениетке жұтылып кетуден сақтайды. Радикалдардың шабуылдары бізді осы имунитеттен айыруға бағытталған», - деген Ғ. Шойкин қазақстандықтарды түрлі алауыздық туғызатын әңгімелерге еріп кетпеуге шақырды.