Бүгін елімізде исламтану ғылымы бойынша тұңғыш ғылыми диссертация қорғалды. Нұр-Мүбарак университетінің алғашқы докторанттары Қайрат Құрманбаев «6D021500 – Исламтану» мамандығы бойынша «Хусамуддин әс-Сығнақи еңбектеріндегі «Усул әл-фиқһ» ілімінің лингвистикалық негіздері» тақырыбында, ал Алмасбек Шағырбаев «6D020600 – Дінтану» мамандығы бойынша «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарасы» тақырыбында диссертациясын қорғап шықты, - деп хабарлайды muslim.kz.
Қайрат Құрманбаевтың отандық ғылыми кеңесшісі филология ғылымының докторы, профессор, Шығыстану институтының директоры А.Б.Дербісәлі: «Бұл ғылыми қорғау біздің төл тарихымызды тануда, еліміздегі ислам дінінің терең тамырын зерделеуде өте маңызды. Кеңестік кезеңде бізге қазақ халқының тарихы жоқ деп үйреткен. Ал қазір қарасақ, бір ғана әл-Фарабилер 30-ға жуық, көне Тараздан 60 ғалым, 15 Түркістани, Үндістан жерінен 7-8 Яссауилердің еңбектері табылып жатыр. Яғни біздің ата-бабаларымыздың даналығы мен білім бұлақтарын дәлелдейтін деректер өте көп, халқымыз рухани өте бай болған. Нұр-Мүбарак университетінің міндеті соның барлығын елге қайтарып, ғылыми айналымға енгізу. Міне бүгін соның алғашқы көші басталды деуге болады. Қайрат Құрманбаевтың бұл ғылыми диссертациясы кітап болып шықса, қолдан қолға өтетін құнды еңбек болатындығына сенімдімін», – деп қорғаушының зерттеуін жоғары бағалады.
Ал, «6D020600 – Дінтану» мамандығы бойынша Алмасбек Шағырбаев «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарасы» тақырыбында диссертация қорғады. Осы кезге дейін онға жуық ғылыми жұмысқа тақырып болған М.Жүсіптің еңбектері тұңғыш рет фиқһ ғылымы тұрғысынан, оның 40 парызға және шариғи тараптан ғибадаттағы ұстанымдары, сонымен қатар ақидалық сенімге қатысты көзқарастары матуридилік ілімімен байланысты қарастырылған. Бүгінгі түрлі жат ағымдарға қатысты ата-бабаларымыздың айқын ұстанымын айтуда маңызды айғақ болатын жаңа зерттеу.
Осылайша, бүгін Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті жанындағы дінтану бойынша диссертациялық кеңесінде философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін екі бірдей докторант өте жоғары бағада қорғап шықты. Бірі исламтану ғылымы бойынша шет елдердегі ата-бабаларымыздың мұраларын елмен қауыштырса, енді бірі дінтану бойынша қазақ даласындағы ислам діні ұстанымын ғылыми деңгейде дәлелдеп шықты. Ғылым саласына ден қойған және қызыққан жандар да бүгінгі диссертациялық қорғауға бастан-аяқ куә болды.
Ғылым докторы, профессор Әшірбек Муминов бастаған құрамында 11 ғалым бар диссертациялық кеңес Нұр-Мүбарак университетіндегі бүгінгі басталған ғылым көшіне сәттілік тіледі.