2015 ЖЫЛДЫҢ НЕГІЗГІ ОҚИҒАЛАРЫ

/uploads/thumbnail/20170708210447043_small.jpg

Міне, сан салалы оқиғаларға толы 2015 жыл да тарих қойнауына өтті. Жаман болсын, жақсы болсын, Қазақ елі төл тарихының тағы бір жаңа парағын шып отыр. Осы ретте өткен жылдың маңызды оқиғаларына тағы бір мәрте көз жүгіртіп өткенді жөн санадық.

Өткен жылдың басты әңгімесі дағдарыс пен девальвация болып отыр. Бұл құбылыс жаңа жыл кірісімен сап тыйыла қояды деуден де аулақпыз. Ал, 2015 жылдың тамызынан бастап төл теңгеміз құлдырау бағытында «жүзіп келеді». Дегенмен де бәріне кезек-кезек тоқталған дұрыс болар.

Сонымен, өткен жылы солтүстік көршіміздің басшысы В. Путин мырза «Қазақтарда мемлекет болмаған» деп мәлімдеген соң, Президент арнайы тапсырма беріп, апыл-ғұпыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Тараздағы той мен осы датаға орай басқа да ұйымдастыру жұмыстары билік дәлізінде бақыттан басы айналып жүрген Мәдениет пен спорттың министрі Арыстанбек Мұхамедияұлына тапсырылған. Осы айтулы оқиғаға орай 20 сериалы «Қазақ елі» сериалын түсіру туралы шешім шығарылған.

Алайда, киноға деп берген қаражат қайда кеткені түсініксіз. Фильм сериалары қысқара-қысқара құрдымға кетті. Әзірге сарыла күткен сериалдың тек трейлерін ғана көрдік. Ал, сериалдың өзін келер жылы көріп қалуымыз мүмкін.

Өткен жылдың басты оқиғаларының біріне мерзімінен бұрын өткен Президент сайлауын да жатқызуға болар. Қазақстан халық Ассамблеясы бас болып, Парламент бірауыздан мақұлдап, сәуір айында президентімізді қайта сайлап алдық. Халықтың 97,7 проценті Тұңғыш Президентті қолдап дауыс берді.

Президенттің айналасынан ұзамай тұрып, тағы бір саяси оқиғаны естеріңізге салайық. Ол – Дариға Нұрсұлтанқызының Премьер-министрдің орынбасары лауазымына тағайындалуы. Бұған дейін Мәжіліс төрағасының орынбасары болған Дариға Назарбаева қыркүйек айының басында Үкімет төрағасының әлеуметтік сала, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет сынды мәселелерге жауапты орынбасары болып тағайындалды.

27 шілдеде Қазақстан ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Женевада ұйымның Бас директоры Роберто Азеведо мен Қазақстан Президенті Н. Назарбаев ортақ хаттамаға қол қойды.

Халықаралық деңгейдегі тағы бір маңызды оқиға - Қазақстанда қысқы Олимпиада ойындарын өткізбеу туралы шешім. Халықаралық Олимпиада комитетінде 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткер екі қаланың бірі Алматы болатын. Дауыс беру қорытындысы бойынша 40-44 есебімен Қытай астанасы Пекин 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындары өтетін қала деп танылды. "Бұл жаңалықты естіген қазақстандықтардың қуанышында шек болған жоқ", - деп жазды шетелдік ақпарат құралдары.

Өткен жылды ойласақ еске түсер тағы бір оқиға – Қазақстан тарихында екінші мәрте Премьер-министр лауазымын атқарған тұлғаның істі болуы. Ә. Қажыгелдинен соң Серік Ахметовке жемқорлық қылмыстар жасады деп айып тағылып, ол 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Ахметовпен бірге оның командасында болған  бірнеше шенеунік те темір тордың ар жағына аттанды.

Өткен жылғы Рахат Әлиевтің өлімі мен МС Сайлаубектің «быды-быдысына», Кәрім Мәсімовтің шығыстағы көршімізде өткен бір жиында ханзуша шүлдірлегеніне соқпай елеулі оқиғаларды одан әрі тізбектесек. Дағдарыс қыспаққа алғанда, сыртқа сатылатын басты өнім мұнай бағасы құлдырағанда біздің билік бас салып әлемдік қаржы ұйымдарынан несие алуды әдетке айналдырып келеді. Алдыңғы алғаны бар, кейін қосылғаны бар, бүгінде Қазақстанның сыртқы қарызы 7 триллион теңгеден асып отыр.

Қыркүйек айының алғашқы он күніндегі әңгіме Айдын Айымбетов деген жігіттің ғарышқа ұшуы төңірегінде болды. Бас газет «Егемен Қазақстан» «Ай мен Айдын» деп мақала беріп, жер-жаһанға жар салған ғарышкеріміздің тегін жазу айға ұшқаннан да қиынға соққандай. Себебі, дәл осы мәселеде қазақ баспасөзі біршама дүдамалдыққа түсті. Қазақша білмеген соң, бұған ұшқышымыздың өзі басын қатыра қоймаған болар. Ал, отандық ақпарат құралдары таратқан хабарларда «Айымбетов» пен «Аимбетов» деген фамилялар жарыса жазылды. Мемлекет болса әлгі жігітті ғарышқа ұшыру үшін қазынадан 20 миллион АҚШ долларын жұмсапты. Тәуелсіздік күні қарсаңындағы жиындардың бірінде Елбасы «Айымбетовтың ғарышта не бітіргенін ешкім білмейді» деп қойып қалды. Дегенмен, үшінші ғарышкер «Қазақстанның Халық Қаһарманы» атанды.

Әңгіме басында айтылғандай, өткен жылғы өзекті тақырып – ақша. Ақша болғанда да, төл теңгеміздің тағдыры. Тамыз айының 20-ы күні валюта нарығын үйлестіруші мемлекеттік орган Ұлттық банк валюта бағамына басшылық жасаудан ат-тонын ала қашып, теңгеге қолдау білдіруден бас тартты. Мұны өздері ұлттық валютаны «еркін жүзуге жіберу» деп түсіндірді. Ал, бұл жағдайларға қарап халық ғаламдық дағдарыстың дүмпуінен биліктегілердің өздері «жіберіп» қоймады ма екен деп аң-таң болды. Тамыздағы теңге тәлкегінде ұлттық валюта бірден 87 пайызға құнын жоғалтты.

Көп ұзамай Бас банкир Қайрат Келімбетов кетіп, орнына Данияр Ақышев келді. Келімбетовпен бірге кеткен теңгенің дәурені Ақышевтің келуімен оралмады. Данияр да алдыңғы әріптесінен асып түспесе кем қалмады. Нәтижесі – өздеріңіз көріп жүргендей, АҚШ долларының бағамы 340 теңгеге жетті. Халық осыншама валюталық секірістердің санынан жаңылып, қайсысы девальвация, қайсысы «валюталық толқулар» екенін ажыратудан қалды.

Теңге төңірегіндегі тағы бір тақырып – айналымға 20 мыңдық банкноттың шығуы.

Ұлттық банк «девальвация» жобасымен қоса, айналымға 20 мың теңгелік «туындысын» ұсынды. Сөйтсек, бұл ертеректе әзірленіп қойған, тек сын сағатын күтіп тұрған банкнот екен. Мұны президенттің өзі «Енді тойға барғанда қиналмайсыңдар. Бірден сыйлыққа осыны апарыңдар» деп түсіндіріпті.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам қараша айында кәсіби рингтегі жиырмасыншы жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. "Қазақстан" ұлттық арнасы өткізген "Жыл үздігі-2015" байқауында Қанат "Үздік спортшы" атағын иеленді. 

Шілде айында Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Қарғалы және Қарағайлы ауылдары маңыда өзендер арнасынан асып, лай көшкініне толды. Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімов шаһарда төтенше жағдай жариялады. Жаңадан тағайындалған әкім Бауыржан Байбек «ТЖ» режимін алып тастады. Сел зардаптары көпшіліктің көмегімен жойылды.

Өткен жылдың басты оқиғаларын осылайша тізбектеген болды. Сондай-ақ сайтымыздан 2015 жылы бақиға аттанған танымал тұлғалар мен өткен жылдың басты тағайындаулары туралы мақалаларды да оқи аласыздар.

 

Қатысты Мақалалар