Бүгін Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде 2016 жылғы жаңа оқу кезеңі басталды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы қолбасшылықтың қоғаммен байланыс жөніндегі офицері Айдос Байшағыровқа сілтеме жасап.
«Оқу кезеңінің ашылуында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаһандық қауіп пен қарсылықтар жағдайындағы ішкі және сыртқы саясаттағы ауқымды бағыттар» туралы айтқан қағидасы мемлекеттік-құқықтық дайындықтың алғашқы тақырыбы ретінде таңдалды» делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қолбасшылық басқармасының әскери қызметшілерімен, сондай-ақ қолбасшылыққа бағынышты әскери бөлімдердің офицерлерімен, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерімен және сарбаздармен алғашқы сабақты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары Сағатбек Нұрахметов жүргізді. Сабақ барысында ол Елбасымыздың биылғы дәстүрлі Жолдауын кең ауқымда талқылап, мемлекетіміздің 2015 жылғы жеткен жетістіктері мен өткізілген айтулы іс-шараларға ерекше тоқталып өтті.
«Айтып өтсек, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 20 жыл, Ұлы Отан соғысының жеңісіне – 70 жыл, Ата Заңымыздың қабылданғанына – 20 жыл, Қазақ Хандығының құрылғанына – 550 жыл, секілді мемлекет ауқымында өткізілген іс-шаралардың маңыздылығы зор» деді С. Нұрахметов.
Сонымен қатар, оқу кезеңінің алғашқы күні «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы Ниязтай Әлкешев өңірлік қолбасшылық алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Әскер ардагері полковник Виктор Маколов та
сардарлар мен сарбаздарға Ұлттық ұланның тағылымды тарихынан сыр шертіп, ұлттық патриоттық тәрбие туралы сабақ өткізді.
Алғашқы мемлекеттік-құқықтық сабағы аяқталысымен саптық алаңда сап түзеген ұландықтар қауіпсіздік шаралары бойынша тәжірибелік сабақтарға тарасты.