Ленин атындағы көшеге Қайым Мұхамедханұлының есімін беруді ұсынды

/uploads/thumbnail/20170708210706513_small.jpg

Қазақстандық журналист Азамат Битан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовке Семей қаласындағы әлі күнге «қызыл көсем» В. Лениннің атымен аталып келе жатқан көшеге Алашқа Абайды танытқан, Шәкерімді ақтап алған, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялыларының есімдерін, еңбектерін жаңғыртқан ғалым-оқытушы Қайым Мұхамедханұлының есімін беруді ұсынды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

«Құрметті Даниял Ахметов! Біздің ұсынысымыз осы кісінің есімімен байланысты болып отыр. Тарқатып айтар болсақ, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында Семей қаласындағы маңызы жағынан өте үлкен орын алатын, орталықта орналасқан Ленин атындағы көше атауы Қайым Мұхамедханұлының есімімен ауыстырылса, бұл тек семейліктер үшін емес, тұтас қазақ жұрты үшін оң өзгеріс, құтты жаңалық болар еді деп айтқымыз келеді. Оның үстіне биыл Қайым атамыздың Семей топырағында дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр. Сондықтан, да ол кісіге басшылық тарапынан осындай құрмет көрсетіліп жатса, алқалаған әлеуметтің сізге айтар алғысы мол деп білгейсіз» делінген әкім атына жазылған үндеуде.

Сондай-ақ, журналист облыс басшысының назарын бүгінгі Егемен елдің жастары үшін Лениннің ешкім еместігіне аудартады.

«Оның тікелей бұйрығымен қазақ халқына жасалған қастандықтары, ауыр қылмыстары мына уақытта ешкімге де құпия болмай қалды. Сол себепті де бұл атау бір кездері Алаш зиялыларының мәдени-рухани орталығына айналған Семей қаласының картасынан мүлде сызылып тасталуы керек деген ұстанымдамыз» дейді бастама көтеруші журналист.

 

 

Қатысты Мақалалар