«Ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен қамауға алынған қоғам белсенділері Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлиннің ісі бойынша бүгінгі сот отырысында басты куәгердің бірі Мұрат Телибековтен жауап алынды, - деп хабарлайды Азаттық.
Қос айыпталушы Мұрат Телибековтің «Ветер с улицы» кітабынан үзінді жариялағаны үшін істі болып жатқаны белгілі. Алайда, өзін Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы деп таныстыратын М. Телибеков ғаламторда жарияланған кітап нұсқасына өзінің қатысы жоқтығын мәлімдеді.
Сотқа кітаптың 1994 жылы жарияланған нұсқасын алып келген ол осы нұсқаны сот материалдарына қосуды сұраған.
Бірақ, М. Телибеков «Аталған кітапты 90-жылдары жазғанмен, шығарудың сәті түспеді. Ал, оның интернетте жарияланған нұсқасына менің қатысым жоқ», - деген.
Бүгін сондай-ақ, сотта lyakhov.kz сайтының иесі Александр Ляховтан да жауап алынды. Айыпталушы С. Мәмбетәлин аталған сайттан қазан айында М. Телибековтің «Ветер с улицы» кітабын тауып, үзіндісін әлеуметтік желіде жариялағанын айтуда. Алайда, сайт иесі сайтта ол кітаптың жоқтығын айтып, қосымша түсінік берген.
Оның айтуынша, сайтта аталған кітап шамамен 2002 жылы жарияланып, екі-үш жыл бұрын түрлі пікірлер көбейген соң сайттан алынып тасталған. Алайда, қыркүйек айында, кітап белгісіз себептермен және А. Ляховтың араласуынсыз сайтқа қайта шығып кетеді. Сол уақытта материал сайттан тағы да өшіріледі.

С. Мәмбеталин сот отырысы барысында қазан айында сайттан аталған кітапты оқығанын, қазақ халқының ар-намысына тиетін үзіндісін сынға алып, Фейсбук желісіне жариялағанын айтты. Дәлел ретінде ҰҚК мамандарының зерттеу қорытындысы мен сайт бетінің аталған кітап үзіндісі жарияланған скрин-шотын көрсетті. Алайда, А. Ляхов бұған пленкалы фотоаппаратқа түсірілген суреттен басқа, ешқандай скрин-шот мұндай жағдайда дәлел бола алмайтынын, скрин-шотты қолдан жасауға болатынын айтып, қарсылық білдірген.
Естеріңізге салсақ, қоғам белсенділері Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин өткен жылдың қазан айынан бері «Ұлтаралық араздық туғызды» деген айыппен қамауда отыр. Тергеу барысында және сот отырыстарында олар өздеріне тағылған айыпты мойындаудан бас тартуда.
Ескерту: Суреттер Азаттық сайтынан алынды.