Бүгін Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылғанына 24 жыл толу құрметіне орай салтанатты кеш болып өтті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы қолбасшылықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға өңірлік қолбасшылық офицерлері, келісімшарт әскери қызметшілері, сарбаздар, өзара бірлестіктегі іс-қимыл органдарының қызметкерлері және Ұлттық ұлан ардагерлері қатысты.
Салтанатты жиында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Әлібек Серәлиев ұландықтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, қызметтік-жауынгерлік міндеттерін орындауда көзген түскен әскери қызметшілерді және өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін Ұлттық ұлан ардагерлерін медальдармен және грамоталармен марапаттады.
Қолбасшы өз сөзінде Елбасымыз Н.Назарбавтың Ұлттық ұлан әскеріне ерекше көңіл бөлетінін айта келіп, Астана қаласындағы әскери қалашықты ашу кезінде айтқан «Сендердің алдарыңда біздің заңдарымызды бұзатын қылмысқа қарсы күресу және елдің тыныштығын күзету міндеттері тұр.Сендер біздің Қарулы Күштрдің бір бөлігісіңдер. Қажет жағдайда барлықтарың бірлесіп, армия құрамында еліміздің Тәуелсіздігі мен Отанымыздың тыныштығын қорғайтын боласыңдар. Осындай мемлекеттің қамқорлығына сендер өздеріңнің қажырлы еңбектеріңмен, қайтпас қайсарлықтарыңмен және Отан алдында тұрған кез келген бұйрықты тапжылмай орындайтындарыңа мен сенімдімін!» деген сөздерін мысалға келтірді.
Жиын барысында сөз алған Ұлттық ұлан ардагері, отставкадағы полковник Геннадий Фалеев те барша ұландықтарды мерекелерімен құттықтап, оларға жүрекжарды тілектерін арнады.
Марапаттау іс-шарасынан кейін кеш мерекелік бағдарламаға ұласты.
Естеріңізге салсақ, Ұлттық ұланның жауынгерлік тарихи жылнамасы сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1992 жылы 10 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері туралы» Жарлығына қол қойғаннан бастап жазыла бастады.
"2015 жылдың басында «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заң қабылданып, Ішкі әскерге Ұлттық ұлан мәртебесі берілді. Тыныштықтың тұғырында тұрған күш-қуат құрылымына заң аясында жаңа арнайы міндеттер жүктелді, қызметтің нақты тармақтары мен мақсаттары айқындалды, әскери құрылымның мәртебесі жоғарылатылды. Өздерінің даярлығын, кәсіби біліктіліктерін жоғарылату, тәжірибелік білімдерін арттыру арқылы ұландықтар күш-құрылым органдары арасында лайықты орнын алды" делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Бүгінде Ұлттық ұлан әскері қоғамдық тыныштықты сақтау, маңызды мемлекеттік нысандарды қорғау, сотталғандарды күзету мен айдауылдау, мемлекет аясында өткізілетін іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді бірқатар өзіне жүктелген міндеттерді табысты орындауда.