Қытай компаниясы әлемдегі алғашқы жолаушы таситын ұшқышсыз ұшу құралын жасап шығарды, - деп хабарлайды 24-арна.
Айрықша әуе көлігі АҚШ-тың Лос-Вегас қаласындағы электроника көрмесінде таныстырылған. Оның кабинасында басқару тетігі атымен жоқ. Бәрін компьютерлер мен сенсорлар басқарады. Бұдан бөлек, арнайы планшет бар. Жолаушы соның көмегімен ұшатын және қонатын уақытын белгілейді. Әуе көлігінің жаңа түрінде әзірге тек бір адам ғана отыра алады. Батареясын қуаттауға бар болғаны 2 сағат қажет. Компания өкілдері «тың туынды 3-5 жылдың көлемінде нарыққа шығады», - дейді. Ал бағасы 300 мың доллар болмақ.