Жуырда Сауд Арабиясы танымал уағызшы шейх Нимр Бакр әл-Нимр бастаған шейіттердің 46 өкілін дарға асты. Міне, осы өлім жазасынан кейін арабтар мен парсылардың арасындағы жағдай ушығып кетті. Нақтырақ айтсақ, аталған оқиғадан кейін Сауд Арабиясының Ирандағы елшілігіне парсылар шабуыл жасады. Бір қызығы әлем елдері 46 адамның өлім жазасына кесілгеніне емес, дәл осы мәселеге айрықша назар аударуда.
Жалпы, ХХІ ғасырда орта ғасырлық тәсілмен адамдарды дарға асу ақылға сыймайтын нәрсе. Өйткені, өлім жазасын Америка мен Еуропа елдерінен бастап есі дұрыс бірде-бір мемлекет қолдамайды. Алайда, жайшылықта демократияны желеу етіп шыға келетін алпауыт мемлекеттер Сауд Арабиясының әрекетіне көз жұма қарап, ләм-мим демеді. Шын мәнісінде Арабия елшілігіне шабуыл мен 47 адамның өлім жазасына кесілуі ақтауға келмейтін жағдай болатын. Алайда, әлемдік БАҚ өлім жазасынан бұрын парсылардың елшілікке шабуыл жасағанын айыптап шықты.
Мұның сыры неде? Себебі, ежелден Сауд Арабиясы Америка мен Еуропа елдерінің қуыршағы болып отыр. Кезінде араб елдерінің Осман империясынан тәуелсіздік алуына Ұлыбритания сынды алпауыт елдер ықпал еткен болатын. Сондықтан да Сауд Арабиясы тәуелсіздік алып бергені үшін Еуропа елдеріне мәңгілікке қарыздар болып қалды. Ал қарыздың өтеуіне алпауыт елдер ислам дінінің қайнар көзі саналатын Сауд Арабиясынан бүлік шығаруға тырысты. Израильмен де саудтардың ым-жымы бір. Қазіргі таңда, исі мұсылман халқының орталығы саналатын мемлекетте уахабизм иделогиясы кең тарауда. Бұны бір деп қойыңыз.
Ал, енді араб-парсы дауы қалай аяқталуы мүмкін? Халықаралық тақырыптарда қалам тербеп жүрген журналист Бауыржан Қариповтың айтуынша Иран мен Судия арасында текетірес Сирия дағдарысының жалғасы. Мәселен, Саудия Асадты құлатуға қалай үш салса, Иран оны қызғыштай қорғап отыр.
– Сарапшылар Саудияның 47 адамды өлім жазасына кесуі, оның ішінде Шия бағытын ұстанатын діндар азаматтың болуы, Саудияның Иранға жасаған алғашқы соққысы деп отыр. Әрі көпшілікті «Саудия жеңіске жете ме екен?» деген сұрақ мазалауда. Алайда, Иран 10-15 жылдың ішінде Таяу Шығыста Ресей секілді беделді бір мемлекетке айналуы мүмкін. Бүгінде Иранда химиялық (атом) қару-жарақтардың бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Ресейдің арқасында Батыстың Иранға салынған санкциялары жұмсартылғаны белгілі. Сондықтан Саудия 10-15 жылдан кейін Ираннан келетін қауіпті сезіп отыр, – дейді Бауыржан Карипов
Сондай-ақ ол «5 жылдан кейін Саудия банкротқа ұшырауы мүмкін» деген болжам айтып отыр. Себебі қазірдің өзінде мұнай бағасының арзандауы Саудияның экономикасына әсер етіп жатыр. Міне, осы үрдіс жалғаса берсе, Сауд Арабиясының саудасы бітуі әбден мүмкін. Ал керісінше Иранның әл-ауқаты артып, Таяу Шығыста ықпалы артады. Бұл, әрине, болжам ғана. Ал, бізге нақты белгісі Америкадан бастап Еуропа елдеріне дейін Сауд Арабиясының тосын әрекеттеріне көз жұма қарап отыр. Соған қарағанда оларға адам құқығы, демократия деген нәрселер жәй нәрсе сияқты. Әйтпесе, Сауд Арабияның 47 адамды өлім жазасына кескенін БҰҰ қатаң айыптап шығар еді ғой...
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана