Талап, еңбек, терең ой. Мемлекеттік қызметке қабылдаудың қаңтардан бастап жаңа жүйесі енгізілді. Тестілеу ережесі де өзгерді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы 24-арнаға сілтеме жасап.
Жаңа жылмен келген жаңа түзетудің артықшылығы қандай? Тестілеудің қай тұстары жетілдірілді? Артур Бірімжанов бүгін мемлекеттік тестілеуден сүрінбей өтті. Күні-түні көз майын тауысып, талмай, түрлі заңды жаттаған еңбегі еш кетпеді. Ол Б корпусының С5 санатындағы қызметке орналасуды көздеген. Артур Бірімжанов, қала тұрғыны: - Қазіргі уақытта еш жерде жұмыс істемеймін. Ақпаратты egov.kz сайтынан тауып, халыққа қызмет көрсету орталығында тестке қатысу туралы өтініш қалдырдым. Екінші бағдарлама бойынша тест тапсырғандарға 100 минут уақыт беріледі. Ал мен барлық сұрақты 70 минутта белгілеп шықтым. Астанада Артур секілді қаңтардың алғашқы күндерінен бері жүзге жуық адам жаңа ережемен тест тапсырған. Бұрын үміткер әр заңға берілген 15 сұрақтың кемі 10-ына жауап беруі тиіс болатын. Ал осы жүйе бойынша ол шектеу алынды. Жалпы дұрыс жауаптар саны есептеледі. Тест бағдарламасы 3 санатқа бөлінген. Марат Тұрсынов, «Мемлекеттік қызметті басқару ұлттық орталығы» АҚ мүшесі: - Бірінші бағдарлама 135 сұрақтан тұрады. Соның ішінде тестілеушілерге 95 сұрақты белгілеу қажет. Екінші бағдарлама 120 сұрақ, оның ішінде 72 дұрыс жауап болу қажет. Үшінші бағдарлама сәйкесінше 90 сұрақ, 45 дұрыс жауап болуы қажет. Былтыр ел бойынша 59 мың адам мемлекеттік тестілеуді тапсырған. Бірақ оның 33%-ы ғана өткен. Осыған дейін сыннан сүрінгендер қайта тестке қатысуы үшін 3 ай күтуі тиіс еді. Қазір мерзім 2 айға дейін қысқарған. Тағы бір өзгеріс – мемлекеттік қызметке өтудің жаңа III кезеңі шықты. Ғанижан Асан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің өкілі: - III кезең – бұл мемлекеттік органның өзінде, яғни бос лауазымға конкурс жарияланған мемлекеттік органдарға әңгімелесу. Бұл сатыда үміткердің жеке білімдері, тәжірибелері айқындалады. Соның нәтижесі бойынша конкурстық комиссия алқалы түрде шешім қабылдап, белгілі бір кандидатты жеңімпаз ретінде таниды. Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы жетілдіру, үміткерлерді сұрыптап, сапалы маманды тағайындауға тікелей септігін тигізеді.