ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ: ҚАЗАҚ ОППОЗИЦИЯСЫНЫҢ ҚАУҚАРЫ ҚАНДАЙ?

/uploads/thumbnail/20170708210958859_small.jpg

Биыл Парламент сайлауы өтеді деген әңгіме өткен жылы шыққан еді. Билік пен ресми тұлғалар бұл сұрақты айналып өтуге тырысып, қандай да бір пікір білдіруге құлықсыздық танытты. Қайта бұл тақырыпты жасырып, жабу ұстанымын ұстанғандай болды. Ал, бүгін Мәжіліс депутаттары Президенттің «Ұлт жоспарын» жүзеге асыру үшін халықтың сенім мандатын анықтап алу керек деп, өздерін таратутуралы Үндеу жариялады. Сонымен, жақын күндері Президент Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қояды. 

Сонымен, таяқ жерге тасталды, саяси дода басталды. Ендігі саясат сахнасындағы қойылымдар қандай сарында өтеді? Оған қандай күштер қатысады? Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан демократиялық оппозиция өзін бұл сайлауда қалай ұстайды? Қандай мүмкіндіктері бар? Халық бұл жолы оппозициялық күштерге қаншалықты сенім артады? Бұл сұрақтар санаулы саяси сарапшылар болмаса, сол оппозициялық ұстанымдағы саясаткерлердің өздерін де мазалай қоймайтын сияқты. Соның салдарынан болса керек, көп жерде тіпті «Бізде осы оппозиция бар ма?» деген сауал әлі қойылып жүр.

Билік бар жерде оппозицияның болатыны даусыз. Мәселе, оның қандай формада болуында және билікке балама бола алатын қауқарын халыққа жеткізе алуында. Өкінішке орай, біздегі демократиялық күштер биліктің сызып берген бағытымен ғана жүретін халге түскен.

Қазақстандық оппозицияны халық алдында дүбәра күйге түсіру операциясы 2005 жылы-ақ жүзеге асып қойған. Сол кездері опоозициялық күштердің арасына іріткі салынып, халықтың зор сенімін иеленген, тіпті, махаббатына бөленген «Ақжол» партиясы «Нағыз Ақжол» және жай «Ақжол» болып екіге бөлінді. Сол жылдары қазіргі билікке сыни көзқарастарын мәлімдеген саясаткер, марқұм Заманбек Нұрқаділов елдегі демократиялық күштердің ішінде билік тыңшылары бар екенін, сол агенттер оппозицияның алға басуына кедергі келтіріп келе жатқанын мәлімдеді. Оның арты біршама уақытқа дейін оппозиция серкелерінің бір-бірін ашық айыптауларына, кейбірінің саясат сахнасынан сыртқары кетуіне алып келген еді. Біраз уақыт оппозцияның саяси салмағын арттырып, қазаққа жақындатқан халық батыры Тоқтар Әубәкіров те бұл ұйымдардың қатарында ұзақ бола алмады. 

«Ақжолдан» еншілерін алып шыққан, Б. Әбілов, О. Жандосов, Т. Жөкеев, марқұм А. Сәрсенбайұлы бастаған бір топ «Нағыз Ақжол» партиясын құрды. Ол кейін «Азат» болып, атын өзгертті. Кейін мүлдем саясат сахнасынан жойылды. Ол партияның қазіргі тағдыры не болып жатқанын кезінде соның айналасында жүргендер де біле қоймас. Бизнесмен саясаткер Б. Әбілов «Енді саясатпен айналыспаймын, бизнесті дөңгелетем, кітап жазамын, реті келсе отандық кино саласын дамытамын» деп мәлімдеме жасағанына да екі жылдан асты. «Бутя» саясаткер «еркін айналымға» кеткеніне де екі жылдан асты. Бірақ, жазған кітабын да, түсірген киносын да көре алмады. Тіпті, иттің ұлы итақай қатысып жүрген Н. Қоянбаев пен Т. Қабатовтың даурықпа шоуларынан да төбе көрсетпеді. Хош. Кетсе, алдынан жарылқасын! Ал, басқалар қайтпек?

Ораз Жандосовты қазақстандықтар ең алдымен білікті қаржыгер ретінде таниды. «Ақжолда» жүргенінде де осы қасиетімен партияның саяси салмағын арттырды. Қазір, сол экономикалық сараптамаларымен ғана баспасөз беттерінен көрініп жүр.

90-жылдары Премьердің орынбасарлығына дейін көтерілген Төлеген Жүкеев те оппозиция қатарындағы салмақты саясаткерлердің бірі. Бірақ, арты сұйылған «Нағыз Ақжолмен» бірге бұл саясаткер де үлкен саясаттан тысқары қалды.   

Оппозицияға хронологиялық тұрғыдан ең кешкеліп қосылған саясаткер Жармахан Тұяқбайды қазір «жұмбақ-саясаткер» деуге болатын шығар. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысын басқарып, кейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия құрған Жәкең бүгінде елдің көзінен де көңіліненде кетті. Партияның ара-тұра өткізіп жататын жиындары да ақпарат құралдарында насихатталмайды. Партия серкелерінің кей қылықтарына қарап, олай болуына сол серкелердің өздері мүдделі ме деп қаласың. Ал, партияның 2013 жылдың наурызында өткен съезіне Бас хатшы ӘміржанҚосановтыкіргізбейқоюыхалықарасындағы «оппозицияныбилікбасқарады» деген алып-қашпа әңгімені ресми түрде растап бергендей іс болды.  

П. Своик сынды осы партияның кей белсенділері Еуразиялық одақты ашық қолдаймыз деп, электораттың наразылығына ұшырады. Б. Тұрсынбаев тәжірибелі саясаткер болғанымен, ол кісінің замандастары мінетін пойыз әлдеқашан кетіп қалған сияқты. Осылайша, халықтың мұң-мұқтажын көтеріп, ел арасындағы наразылық көңіл-күйді өз мүдделеріне шебер пайдалану орнына кей саяси күштер өздеріне қарсы жұмыс істеді.  

Әзірге қазақстандық оппозиция өкілдерінің ішінде белсенділігінен бір танбаған бір адам болса, ол Әміржан Қосанов қана болар. Жақында сол саясаткер Қазақстанның демократиялық күштерінің кезектен тыс форумын өткізуді, сол арқылы оппозициялық топтардың басын қосуды, өткен-кеткенөкпе-наланы ұмытып, жаңадан іске кірісуді ұсынды. Оның ойынша, біилік күштері халық санасына «Оппозиция өлді, құрыды. Бүгінгі билікке балама жоқ» деген ойды сыналап кіргізуге тырысқанымен, өздерінің қауқарсыздығын, билікке қауіп төндіретін күштердің бар екенін әлі күнге дәлелдеп келеді. Б. Біләлов, Е. Нарымбаев, С. Мәмбетәлин сынды саясаткерлердің түрлі желеумен сотқа тартылуы – биліктің қоғам белсенділерінен сескенетінін білдіреді дейді саясаткер.

Сондай-ақ, Әміржан Қосанов мырза оппозициялық күштер алдағы сайлауға қатысудан бас тартпауы керек деген пікірде.

«Бұл менің жеке ойым. Биліктің неше түрлі құйтырқылыққа баратыны, сайлаудың әділ өтуіне мүмкіндік бермейтіне орай ондай сайлауларға қатысу керек емес дейтін әріптестерімді де жақсы түсінемін.

Бірақ, сайлауға қайткен күнде де қатысуымыз керек. Бұл бізге өзіміздің күш-жігерімізді, барлық мүмкіндіктерімізді біріктіруге, аймақтарға шығып, халықпен тікелей жұмыс істеуімізге, «Сайлау туралы» заңның талаптарына сай үгіт-насихат жүргізуге, сол арқылы былайғы уақытта бізді маңайына жолатпайтын «Хабар» телеарнасы, «Егемен Қазақстан» сынды жалпыұлттық ақпарат құралдарынан елге үн қатуға мүмкіндік аламыз. Сол сайлаудың өту барысын бақылайаламыз, бюллетеньдерді санауға қатысамыз. Әділетсіздіктерді халықаралық деңгейде көтеруге қажет мәліметтерге қол жеткіземіз», - дейді саясаткер.

Әміржан Қосанов не бір «тар жол, тайғақ кешулерден» өткен оппозицияның әлі де қауқарын жоғалтпағанына, бірігіп, біршама іс тындыруға болатынына сенеді екен.

«Бүгінде қызметін жалғастырып жатқан немесе биліктің араласуымен тарап кеткен ұйымдарымыздың арасында көптеген мәселелер бойыншаауыз біршілік болмады. Жекелеген азаматтарар асындағы кикілжіңдер де жоқ емес. Бірақ, біз алдағы сайлауда жекелеген келіспеушіліктерді екінші ретке қойып6 бірігуіміз керек. Біздің осы жылдар ішінде жүріп өткен жолымыз, жинақтаған тәжірибеміз қымбат. Соның барлығын біз тек өзімізге деген халық сенімін ояту үшін ғана емес, тұтастай демократиялық оппозицияның келешегіне деген үмітін қайта жағу үшін қолдануымыз керек. Біздің бірігуіміз кезіндегі «Азат» бастаған «Азамат», «Халық конгресі», «Поколение», «ҚДТ» қозғалыстары, РНПК, Коммунистік партия, «Нағыз Ақжол», ЖСДП, «Халық рухы» сынды көптеген партиялардың, Қазақ Ұлттық кеңесі бастаған басқа да ұйымдардың бірігуі болар еді. Жақын күндері демократиялық оппозияция ұйымдары мен жетекшілері бас қосып, алдағы сайлауға қатысу, қатыспау мәселесінен бастап, бірқатар сұрақтарды талқыға салуы керек», - деген саясаткер сөзінен қазақстандық оппозицияның саяси додада бақсынаудан, билік иелерінен ақырып теңдік сұраудан әлі де дәмелі екенін ұқтық. 

Қазақта «Жыланды үш кессең де, кесірткелік күші бар» деген сөз бар. Айналдырған он жыл ішінде, бірнеше рет бөлшектенген, ол ұйымдардың,бір-бірін көрместей болған амбициялары тай жеген бөрідей серке саясаткерлердің қаншалықты қауқар танытатынын жақын күндері көретін боламыз.

Жомарт Абдоллаұлы

 

Қатысты Мақалалар