Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесі

/uploads/thumbnail/20170708211003453_small.jpg

Сайтымыздың электронды поштасына Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Президиум мүшесі Тазабек Самбетбайдың электронды мекен-жайынан ЖСДП жетекшісі Жармахан Тұяқбай мырзаның жақында бекітілген «Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасына» қатысты мәлімдемесі келіп түсті. Күні бүгін белгілі болып отырған кезектен тыс мәжіліс сайлауына бұл мәлімдеменің қатысы жоқ деп айта алмайсыз. Шамасы ЖСДП серкелері бұл жолғы саяси науқанда ұлттық мәселелер мен қордаланып қалған қазақ тілінің проблемасын жалаулатуды мақсат етіп отырған, сыңайлы.

Қазақ ұлтының бірегейлігі туралы

ЖСДП Төрағасы Ж.Тұяқбайдың мәлімдемесі

   Мемлекет басшысының «Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын» бекітуі биліктің еліміз тап болып отырған қатерлерлері көп күрделі жағдайда Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі мен егемендігінің іргелі идеялық негіздерін құру қажеттігін түсіне бастағанын көрсетіп отыр.

     Әйтсе де, бұл негіздердің шын мәнінде терең әрі бұлжымас болуы, олардың әр азаматтың жүрегінде мәңгі қалатын Қазақстанның өткені мен болашақ көкжиегін  айшықтайтын ең маңызды ұғымдарды қамтығаны аса қажет.

    Осыған орай Тұжырымдамада қазіргі заманғы мемлекеттің және салауатты қоғамның объективті белгілері бола отырып, сонымен қатар, айталық, жаһанданудың пайдасына сөйлейтін дәйектер болып табыла алатын ұғымдардың (Жалпыға бірдей еңбек қоғамы, индустриалдық-инновациялық экономикалық өсу, азаматтық теңдік, зайырлы қоғам, кәсіпқойлық, білімпаздық пен білімділік, отбасы мен достық құндылықтары және т.с.с.) болуы орынсыз екені көзге ұрып тұр.

        Тұжырымдамада осындай әмбебап әрі айқын түсініктердің көптеп қамтылуының негізгі мақсаты «қазақстандық бірегейлікті» азаматтыққа әкеліп тіреу. Ел билігінің бұл  ұсынысы назар аударып, мұқият талқылауды қажет етеді.

       Еліміздегі проблемалардың ішінде ерекше айтатын бір мәселе бар. Ол тіпті экономикалық қиын-қыстау жағдайда да отандастарымыздың көпшілігінің жанын ерекше ауыртып, алаңдаушылығын туғызып отырған қазақ ұлтының этникалық, тілдік, мәдени-рухани, азаматтық-саяси қауымдастық ретінде өзін-өзі тануы мен бірегейлігінің толықтығы.

    Бұл мәселенің туындауы халқымыздың шеккен азабы мен басынан өткен тағдырына байланысты десек артық кеткендік емес. Соңғы үш ғасырдың тарихы қазақтардың ұлт ретінде өзін-өзі бекітіп, таныту үдерісін барынша қиындатты. Біздің халқымыз патша өкіметі заманындағы классикалық отарлауды бастан кешіріп, бұрын-соңды болып көрмеген советтік ұлттық саясаттың эксперименттерінен туындаған қасіретке душар болып, соның зардабын әбден тартты. Нәтижесінде ұлт өз жерінде азшылыққа айналды. 1959 жылы қазақтар ҚазССР халқының 30 процентін ғана құрады. Ал 1991 жылдан бастап қана қазақтар республикада тұрып жатқан халықтардың ішінде саны жағынан әзер дегенде бірінші орынға жеткенде, отандастарымыз тарихта бұрын болмаған қоғамдық-экономикалық формациялардың аумалы- төкпелі ауысу үдерісіне тап болды. Қазір тұрған жас мемлекеттің ядросы екенімізді әлі түсінбеген біздер жаңа қауіп пен сын-қатерге толы барлық жаһандық процестермен бетпе-бет келдік. Көптеген мамандардың пікірінше, жаңа дәуірдегі дүние жүзі тарихында ұлттар өздерінің мемлекет құру функциясын іске асыру жолында осындай кедергілерге тап болған басқа мысал келтіру мүмкін емес.

Қазақстанның тәуелсіздік алуы қазақтардың мемлекет құрушы ұлт ретінде жан-жақты әрі толыққанды танылуын автоматты түрде қамтамасыз етеді деген есептің қате екені 1990-жылдардың өзінде-ақ белгілі еді. Мемлекет мақсатты түрде көп еңбекті қажет ететін жанқиярлық жұмыс жасамаса, бұл міндетті іске асырудың мүмкін болмайтынын біртіндеп түсіне бастадық.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ширек ғасыр өтсе де, мемлекетіміз жалпы алғанда қазіргі заманғы ұлт деген ұғымды құрайтын барлық факторларды, осыған байланысты отандастарымыздың барлық арман-үміттерінің бірде-бірін іс жүзіне асырған жоқ. Мәселе декларациялар мен ұрандар түрінде қалды. Дәл сол себептен бүгін біз осы уақытқа шейін қабылданып келген  солқылдақ және нанымсыз шешімдердің салдарынан қоғамда үрейлі ахуалдың белең алғанын, жаппай сипаттағы селқостықты, әлеуметтік шиеленісті сезініп отырмыз. Ал бұл әр тараптан шыққан жауыққан рухсыздыққа да, діни экстремизмге де қолайлы жағдай жасайды.

       Ал шынайы ұлттық бірегейлік мәселесі – тарих ағынында өзін-өзі сезіну, өзін-өзі қадірлеу, ізгілікті жасампаздық жолында өзі нақты елестетіп отырған ортақ болашаққа қарай ұмтылған халықтың іс жүзінде бірігуі мәселесі. Осының барлығы болмаса, қоғамның берекесі кетіп, тұтастығынан айырылып, билік институттарын ұзақ уақыт біріктіріп ұстап тұруға жарамайтын тым борпылдақ «құмға» айналады.

    Осының бәрін айта отырып, қазақтың табиғи ұлттық бірегейлігін үнемі насихаттауды қажет ететін жасанды «қазақстандық ұлтқа» ауыстырудың залалды жолынан бас тарту қажет деп септеймін. Қазақ ұлтының бірегейлігінің негізі азаматтық қағидаты емес, мемлекет құрушы ұлт принципі болуға тиіс!

       Менің ойымша, тек қазақтың ұлттық бірегейлігі ғана Қазақстанның шын мәніндегі сапалы дамуының іргетасы бола алады. Қазақтар өзінің тілі мен рухани құндылықтарына берілгендікті, өз еліне деген тереңінен ұғынылған саяси адалдықты кез келген конъюнктура мен аймақшылықтан жоғары қоятын мықты ұлттық ядроға айналғаннан кейін ғана «қазақстандықтар» формасындағы жалпы азаматтық бірегейлікті іздеу туралы мәселе көтеруге болады. Бұл мәселеде тек осындай реттіліктің болуы қажет екенін бүкіл дүние жүзінің тәжірибесі айғақтап отыр. Бұған мысал ретінде испан тілі мен дін негізінде құрылған Латын Америкасы мемлекеттерін, мықты француз ядросының айналасына топтастырылып қалыптастырылған қазіргі заманғы полиэтникалық Францияны, кеңқолтық «орыс іргетасына» негізделген көп ұлтты Ресейді және тіпті дамудың өзіндік жолына түскен АҚШ-ты да келтіруге болады (соңғысында қалай болғанда да «американдық» деген ұғым тарихи тұрғыда ағылшын тіліне, протестантизм мен ағылшын-саксон құқығы дәстүріне негізделген).  

 

    Бұл орайда, бізде қалыптасқан жағдайдың себептері туралы айтқанда, олардың аса маңыздысы – мемлекеттік тіл проблемасының шешілмегендігі. Осындай тағдыршешті мәселенің үнемі саяси саудаға айналуы мынадай іргелі түсініктерді біржолата айқындап қоюды қажет етіп отыр.

    1) Қазақ тілі шынтуайтында елімізде тұрып жатқан халықтың арасында дау-дамай тудыратын себеп емес. Ниеті дұрыс кез келген адам, соның ішінде орыстілді азамат, өз тағдырын байланыстырған елде мемлекеттік тілдің барынша тұғырлы болуы толыққанды дамудың негізгі объективті шарттарының бірі екенін түсінеді.

    2) Шын мәнінде «Тіл туралы» заңның формалды сипаты, әсіресе, оның орындалуы көп жағынан совет заманындағы ахуалдың жалғасуына жол берді. Заңда рұқсат етілген қос тілділік іс жүзінде біржақты болып табылады. Қоғамда қалыптасқан  орыс тілінің «үстемдігі» іс жүзінде тек қазақтілділерді ғана екі тілді қатар меңгеруге мәжбүр етті. Мұнда алалаушылықтың нышаны бар. Сондықтан, қазақ тіліне қатысты әділдікті қалпына келтіру мемлекеттің жалпы өз азаматтарына әділ қарауының мәселелерінің біріне айналып отыр.       
    3) Мемлекет тіл мәселесінде конъюнктуралық саясаттан табанды түрде бас тарту қажет. Оның орнына билік бұл мәселенің идеологиялық негізін тиянақты нақтылап, айқын тұжырымдап, онда мемлекеттік қазақ тілінің жан-жақты нығаюы тарихи тұрғыда әділ, мұның болмай қоймайтын әрі кері кетпейтін процесс екенін көрсетуге міндетті (отандастарымыздың басым көпшілігі мұны баяғыда-ақ түсінген). Сәйкесінше, мемлекеттің өзі бұл құбылысты іс жүзінде тежеп отырған өзінің бүгінгі рөлінен бас тартып, өзінің барлық үгіт-насихат ресурстары мен оқу-ағартушылық мүмкіндіктерін пайдаланып, оны жаңа сапалы негізде ұйымдастыруды өзіне борыш санауы тиіс.

    4) Тек қана жеке қарым-қатынаста ерікті түрде таңдалатын «ұлтаралық қатынас тілі» деген ұғым мемлекеттік реттеуді қажет етпейді деп есептеймін.  Қайта мұндай жәдігөй саясат қазақ тіліне елеулі түрде зиян келтіруімен бірге  әлеуетті орыс тіліне ешқандай пайдасын тигізбейді.

 

Қорыта айтқанда, ұлттық бірегейліктің аса күрделі мәселелерін жасанды түрде тездетіп шешу ұлтаралық жіктелуге әкеліп, тұрақсыздық қатерін туғызуы мүмкін.

Бұл орайда осы мәселенің транспарентті және халыққа есеп беретін мемлекеттің құрылымдық проблематикасына да, басқаша сөзбен айтқанда, саяси жүйені кеңінен демократияландыру мәселесіне тікелей байланысы бар екені айдан анық.   Өйткені қоғамның еркі мен ұмтылыстарын тек легитимді демократиялық механизмдер арқылы барынша көрсету ғана қазақтардың ұлттық толыққанды қайта өрлеуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ бұл үдерісті Қазақстанды туған жерім деп санайтын барлық ұлттардың игілігіне айналдыра алатынына ешқандай күмән жоқ.  

  Жармахан Тұяқбай

 

Қатысты Мақалалар