«Ақжол» саяси партиясы фракциясы атынан Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу қажеттігі туралы пікірін білдірді, - деп хабарлайды "Қамшы" порталы.
«Ұлттық бизнестің партиясы ретінде біз бесінші шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісін таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қолдаймыз», - деді ол.
Оның айтуынша, бұл қадам Президенттің бес реформасы мен дағдарысқа қарсы стратегиясын толыққанды және сенімді жүзеге асыру үшін халықтық сенім мандатын алатын жаңа Парламент жасақтау үшін қажет.
«Қиын-қыстау кезеңде Парламентте қандай партиялар әрі қарай жұмыс істеу керек екенін халықтан сұрап көрейік! Мерзімінен бұрын парламент сайлауы бізге ертеңгі күнге сенімді болу үшін ауадай қажет. Бизнес пікірталастарға алаңдамай жұмыс істегісі келеді, сондықтан біз Мемлекет басшысына үндеу жолдап отырмыз», - деп атап өтті депутат.