Ақтөбенің бас имамы облыста сақалын тартып өсіргісі келетіндер бар деп отыр

/uploads/thumbnail/20170708211153236_small.jpg

Осыдан бір ай бұрын Ақтөбеге бас имам болып келген Нұрлан Асанов “өңірдегі діни ахуалға жүрегі қатты ауыратынын” айтады. Бас имамның сөзіне қарағанда, Ақтөбеде қазір теріс ағым жетегінде жүрген екі мыңнан астам адам бар, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Керек-инфо-ға сілтеме жасап.

Нұрлан Асановтың Ақтөбеге бас имам болып келгеніне бір айдай уақыт болды. Бұл айналаны бажайлап алуға жеткілікті мерзім. Осы аралықта ол ЖОО, колледждер студенттерімен бірнеше мәрте кездескен. Қаладағы жалпы білім беретін мектептерді де аралап көрген. Имам қала мектептерінің бірінде қара киім киіп, бетін тұмшалаған жасөспірім қыздар мен сақал өсіргісі келетін балаларды көріп таң қалғанын айтты.

“Қыз баланың кигісі келгені хиджаб та, орамал да емес. Қап-қара болып бетін никабпен бүркенуді қалайды. Сол киімімен дәріске де келмек. Ал 7-8 сынып оқитын ер бала сақал жіберуге талпынуда. Әлі кішкентай ғой. Сақалы жарытып та өспейді. Соның өзінде тартып өсіргісі келеді. Балалардың осындай халге жеткенін көріп жүрегім ауырды. Ал мектептің басшысы қам-қарекетсіз отыр. Әлгі балалармен жеке сөйлеспеген, мамандар шақырмаған. Бір байқағаным, теріс ағымдар туралы түсінік мектеп директорларының санасына әлі жетпей жатқан сияқты. Оқушылардың ұялы телефондарындағы бейнероликтердің экстремистік екенін де білмейді екен. Оларға түсіндіру жұмысы жүргізілмеген. Мен оларға мұндай видеоларды әлеуметтік желілерде тарату өз алдына, лайк басудың өзі қылмыстық жауапкершілік екендігін айттым. Түсінген болулары керек, дереу өшіріп тастады”,- дейді облыстың бас имамы Нұрлан Асанов.

Ақтөбенің орталық мешітінде арнайы кесте құрылды. Соған сәйкес, дін өкілдері білім нысандарын аралап, әңгімелесу жүргізуді үздіксіз жалғастыра бермек. Өкіл имам жағдайдың тым күрделі екенін айтып, ақсақалдардан көмек сұраған. Олай етпеске лажы да жоқ. Айтуынша, дәл қазір Ақтөбеде теріс ағымның жетегінде жүрген екі мыңнан астам қыз-жігіт бар.

“Жұрттың бәрі неге теріс ағым жетегінде кетіп жатыр? Оған басты себеп – өз дінін білмеуі. Оны түсіндіретін ешкім болмады. Яғни, дінге көңілдері аш болды. Біз оны асқындырып алдық. Жазылмайтын кеселге айналды. Бұрын адасып жүргендер жай тістейтін. Өкініштісі, енді азу тістерін шығарып, сүйекке батырып тістегісі келеді. Егер бұны түзетпесе, қазіргі қаржылық дағдарыс діни ахуал күрделенсе – ойыншық болмақ. Діннің айналасында даурықпа сөз көп. Мысалы, пәленше әкесінің бейітіне жарық шамын орнатыпты дейтіндер де бар. Мұның бәрі бос сөз. Алдымен тірілердің проблемасын шешіп алайық. Қазақ айтпақшы, басымызда үлкен боқтық тұрғанда, шоқтықты көтеретін мәселе емес, - дейді бас имам Нұрлан Байжігітұлы.

Жаңа имамға Ақтөбеде өтетін садақалардың кезіндегі ысырап та ұнамаған. Айтуынша, жергілікті жұрт садақаны тойдан бетер етіп өткізеді. Дастарханға құстың сүтінен өзгенің бәрін қояды. Нұрлан Асанов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа “Нұр-Ғасыр” мешіті жанынан хатымхана салуды ұсыныпты. Хатымхана салынар болса, онда арнайы ас мәзірі әзірленеді. Қазіргідей ысырап пен текке шашылуға, мақтангершілікке жол берілмейді.

Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбеге бас имам болып тағайындалған Нұрлан Асанов бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында дәл осындай қызмет атқарды. Ал оның есімі елге сірке суын ішіп өлгісі келген әйелдің несиесін төлеп бергеннен соң танылған болатын. Үш баласы бар 34 жастағы келіншектің банк алдындағы қарызы 400 мыңнан асып кеткен. Несиесін өтей алмаған келіншек өз-өзіне қол жұмсамақ болады. Тірліктен баз кешіп жүрген әйелдің тағдырына бей-жай қарай алмаған имам үш баланың анасын ажалдан құтқарып қалды.

Бас имамның өзі де үйлі-баранды. Биыл үшінші мүшеліне қадам басқан Нұрлан Асанов әзірше жеті баланың әкесі.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар