Ақтау қаласында үшем дүниеге келді. Нәрестелердің үшеуі де – қыз, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы 24-арнаға сілтеме жасап.
Нәрестелердің үшеуі де – қыз. Ата-анасы оларға Раяна, Даяна және Аяна деген есім қойыпты. Сәбилердің әрқайсысының орташа салмағы 2 келіден асады. Бұған дейін екі ұлды өмірге әкелген 33 жастағы Ақбибі Өтепова – енді көпбалалы ана. 3 қаңтарда дүние есігін ашқан сәбилер мен анасы 12 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болып, үйіне жіберілді. Мамандар мерзімінен ерте босанған ана мен балалардың жағдайы бірқалыпты деп отыр. Жыл басынан бері өңірде 771 сәби өмірге келіпті. Аймақтағы алтын құрсақты аналар былтыр 20 мыңға жуық баланы жарық дүниеге әкеліп, Маңғыстау халқының саны 3,5 пайызға көбейген. Олардың 113-і егіз болса, үшеуі – үшем.
Ақбибі Өтепова, үшемнің анасы:
- 11 аптасында үшем болатынын білдім. Онда да сене қоймадым. Екінші тексеруге барғанда кім болатынын нақты айтты. Ризамын. 2 ер балам бар. Енді үшем болған соң, көпбалалы аналардың қатарына қосылып жатырмын. Қыз-келіншектерге де осындай бақыт тілеймін! Роза Баданова, облыстық перинаталдық орталығы директорының орынбасары: - Балаларды аман сақтап қалу мақсатында босану операция жасау жолымен аяқталды. Балалардың салмақтары 7 айлық салмағына сай келеді. Балалар салмақ қосты, дендері сау. Керекті тексеруден өтті. Анасының жағдайы жақсы, сүті жеткілікті. Өзіміздің есебіміз бойынша, балалар әрі қарай жақсы дамып кетеді деп ойлаймыз.
Пікір қалдыру