Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ұялы байланыс жүйесіне өзгеріс енгізіліп, байланыс қызметін пайдаланушылар телефон нөмірлерін өзгертпей-ақ басқа операторлар қызметіне ауысуға мүмкіндік алғаны белгілі. Осы орайда, тұтынушылар арасында сөйлесетін адамның нөмірі басқа операторға ауысқан-ауыспағанына қатысты заңды сұрақ туындайтыны белгілі. «Қамшы» порталы осы сұраққа жауап іздеп көрді.
Бұрын телефон нөмірінің бастапқы төрт санына қарап анықтауға болатын байланыс операторлары шынымен де жаңа жүйеге сай біраз қиындықтар туғызуы мүмкін. Сондай қиындықтарға тап болмау үшін және қаражатыңызды үнемдеу үшін мынаны еске сақтаңыз.
Егер сіз Алтел (Altel) байланыс операторының тұтынушысы болсаңыз
Компанияның call орталығында (8 800 080 00 11) бұл мәселе автоматтандырылған түрде шешілгенін хабарлады. Яғни, Сіз өзіңіздің Алтел нөміріңізден бұрын осы байланыс операторында болған нөмерге телефон шалсаңыз, оның басқа операторға ауысқаны туралы автоматты түрде Сізге жауап қайтарылады және бұл қызмет үшін ақы алынбайды.
Егер сіз Tele2 байланыс операторының тұтынушысы болсаңыз
Бұл байланыс операторы аталған автоматты қызметті әзірлеп жатқанын айтады. Жақын күндері қолданысқа енгізілетін жүйенің жай-жапсары туралы Теле 2 байланыс қызметінің диспетчерлерінен сұрай аласыз.
«Актив» и Kcell
Бұл байланыс операторлары телефон шалынатын нөмір туралы мәлімет алудың екі жолын ұсынады.
- *199*абонент нөмірі# комбинациясын теру. Сізге СМС түрінде жауап келеді.
- Қоңырау шалу кезінде бір қысқа дыбыс (гудок) және екі ұзақ дыбыс беріледі. Бұл арғы беттегі абонент операторын ауыстырғанын білдіреді.
Екі қызмет те ақысыз.
«Билайн»
Аталған оператор да автоматты жауап беру қызметін іске қосқан. Егер Сіз қоңырау шалған нөмір операторы ауысқан болса бірден ол туралы хабарлайды және байланыс үшін алынатын қаражат сомасын ескертеді. Бұл қызмет те – ақысыз.
Пікір қалдыру