Ресейлік депутат Рамзан Қадыровты жер қылды

/uploads/thumbnail/20170708211403175_small.jpg

Ресейдің Краснояр қалалық кеңесінің депутаты Константин Сенченко Шешен Республикасының басшысы Рамзан Қадыровты жүйеге қарсы поппозиция туралы айтқан пікірі үшін жерден алып жерге салды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

Константин Сенченко бұл шулы пікірін өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған. Естеріңізде болса, Шешен Республикасының басшысы бұған дейін Ресейдегі оппозициялық күштерді іріткі салу әрекеттері үшін жазалап, өздерін «Ресей жауы әрі сатқындары» деп жариялауға шақырған болатын.

Жағымпаз Қадыровтың бұл мәлімдемесін ресейлік депутат өзіне тікелей қатысы бар деп қабылдаған. Оны ол өзінің саясатпен айналысатынын әрі ешбір саяси партия құрамына кірмейтінімен түсіндіреді.

«Мен бұл академик һәм батырға мынаны айтқым келеді. Рамзан, сен Ресейді қарабет қылдың. Сен академик атағын өзіңнің үш кластық біліміңмен жер қылдың. Сен Ресейдің ұлы ойшылдарына ғана бұйырған атақты иеленіп жүрсің. Сен «Ресей Батыры» атағын да жер қылдың. Красноярскіде біз көп болып, Шешенстанда соғысып жүрген жігіттерімізге көмек жинаған кездерді ұмытқан жоқпын. Сен ол кезде тауда біздің жігіттерді өлтіріп жүрдің», - дейді ол өз жауабында.

Красноярлық депутат сондай-ақ, Р. Қадыровтың басқарушылық жұмысын да сынға алады. Оның айтуынша, Р. Қадыров қаншама бюджет қызметкерлерінің еңбекақыларын жеке қорына аударып, сол қаражатқа өзіне зәулім сарайлар салғызған.

К. Сенченко шешен басшысын сынаған постын «Сондықтан да, академик-батыр, аулақ жүр. Адал, еңбекқор, есі дұрыс адамдардың сүйікті отаны Ресейді гүлдендіру жолындағы жұмысына кедергі келтірме!» деген сөздермен аяқтайды.

Депутаттың бұл мәлімдемесі ресейліктер арасында қызу талқылануда. Тіпті, кей азаматтар К. Сенченконың өміріне алаңдаушылық білдіруде. Р. Қадыровтың өзі болса ешбір әлеуметтік желіде бұл мәлімдемеге жауап қатқан жоқ.

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар