Елімізде жақын күндері міндетті бірыңғай мектеп формасы енгізілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрілігінің баспасөз қызметі өкілдері мәлім етті. Қазіргі таңда бірыңғай мектеп формасын енгізу үшін мемлекеттік органдардың келісімін алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер осы жұмыстар сәтті жүзеге асатын болса 2016 жылдың жаңа оқу жылынан бастап бірыңғай мектеп формасы енгізілетін болады.
Негізінде бірыңай мектеп формасын енгізу мәселесі тәуелсіздік алғалы бері көтеріліп келе жатыр. Осының арқасында кейбір мектептер бірыңғай формаға көшіп, жұртшылықтың ықыласына бөленуде. Алайда, еліміздегі мектептердің барлығы бірдей ортақ форма киюге көшкен жоқ. Сондықтан да, бұл туралы мәселе назардан тыс қалған емес. Мәселен таяуда мәжіліс депутаты Сейітсұлтан Айымбетов оқушыларға бірыңғай мектеп формасын енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, қазақстандықтар шетелдік өндірушілердің тауарын сатып алып, өзге елдің экономикасын байытып жатыр.
– Негізгі қорқыныш оқушыларды сапалы әрі денсаулықтарына қауіпсіз мектеп формасымен қамтамасыз ету болып отыр. Күз сайын қазақстандық ата-аналарда мектеп формасын іздеу, тапсырыс беру деген мәселе басталады, себебі бізге мектеп формалары Қытайдан, Түркия мен Қырғызстаннан әкелінеді. Мынадай сұрақ туады: біз балаларымызға не сатып алып жүрміз? Аз емес ақшаға бізге сапасы төмен тауар ұсынылады, қауіпсіздік пен шығарылымы туралы куәліктері де жоқ. Ең сорақысы, мектеп формасы үшін синтетикалық мата қолданылады, ол бала денсаулығы үшін аса қауіпті, – дейді депутат.
Шынында бірыңай мектеп формасын енгізу кәсіпкерлердің табысын артыруға мүмкіндік береді. Өйткені, қазіргі таңда еліміздегі мектеп оқушылардың саны 2 миллионға жуықтайды. Егер бірыңғай мектеп формасы 15 мың теңге болса кәсіпкерлер шамамен 30 миллиард теңге табыс табады. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлікті дамытуға таптырмас мүмкіндік. Алайда жас ұстаз Аятжан Ахметжан бірыңғай мектеп формасы сапалы әрі арзан болуы керек дейді.
– Білім және ғылым министрлігінің бірыңғай мектеп формасын енгізуі өте құптарлық дүние. Бұл ең біріншіден мектептегі әлеуметтік теңсіздікті яғни әр түрлі сән қуудың алдына алады. Екіншіден, салт-дастүрімізге жат, ашық-шашық немесе діни ағымдар бойынша киінуге шектеу болады. Өйткені соңғы жылдары мектепке хиджап киіп келгісі келетін оқушылар пайда бола бастады. Менің ойымша, министрлік біріңғай мектеп форманы бекітуде үш нәрсе баса назар аударғаны жөн. Ең біріншіден форманың сапасы мен бағасы халыққа тиімді болуы керек. Екіншіден, оқушлылар киімінде қазақ ұлтының ұлттық нақышы міндетті түрде орын алу керек. Бұл оқушы санасына ұлттық рухты сіңіруге мүмкіндік береді, – дейді ұстаз.
Расында мектеп формасы ұлттық нақышта болғаны абзал. Алайда, хиджап кигенді қош көретін кей отбасылар министрліктің бұл бастамасын құптай қояр ма екен? Бұл жағы белгісіз. Алайда бір белгілісі бұдан былай мектепке ашық-шашық немесе қара жамылып келетіндердің қарасы азайады. Өйткені білім және ғылым министрлігі бірыңай формаға көшуге әрекет етуде.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана
Пікір қалдыру