Түрмедегі екі мыңнан астам әйел бостандыққа шығуы мүмкін

/uploads/thumbnail/20250218142338442_big.webp

Ішкі істер министрлігі сотталған әйелдерге рақымшылық жасау идеясын қолдайтынын мәлімдеді. Ондай жағдайда 2 мыңнан астам адамның бостандыққа шығуы мүмкін екенін және бұл бюджет қаржысын үнемдейтінін айтты.

Қазақстанда қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін 6399 әйел жазасын өтеп жатыр, оның 2692-сі түрмеде, 3707-сі пробациялық бақылауда.

ІІМ депутат Қарақат Әбденнің сотталған әйелдерге рақымшылық жасау идеясы ойға қонымды екенін айтады

"Мұндай рақымшылық актісі туралы ұсыныс тұжырымдамалық тұрғыдан қолдау тапты. 2 мыңнан астам сотталғанды босату бюджет қаржысын тәулігіне 5,8 миллион теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді”, – деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Бір сотталғанға күніне жалпы шығын – 2,9 мың теңге, тиісінше, жылына 2,1 миллиард теңге.

ІІМ мәліметінше, рақымшылық қолданылса, жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмысы үшін сотталған 1220 әйел жазадан босатылуы мүмкін. Сондай-ақ 2002 әйел зорлық-зомбылықсыз қылмыс жасағаны үшін сотталған. Оның ішінде 1766-сы бірінші рет қылмыс жасаған, 150-і ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасаған.

Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 5055 әйелдің жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін.

Ведомство сотталғандардың әлеуметтік жағдайын есепке алуды ұсынды. Себебі оның ішінде 29 мүгедек әйел, 60 жастан асқан 243 адам, жүкті 13 әйел, кішкентай балалары бар 58 әйел, көпбалалы 226 ана бар.

3910 әйел материалдық/моральдық талапты өтемеген. ІІМ басшысы оларға толық амнистия жарияламай, жазасын жеңілдетуге болады дейді.

Ішкі істер министрлігі Конституция бойынша барлық азамат заң алдында тең екенін, босату туралы шешім кезінде жәбірленушілердің құқығы ескерілетінін баса айтты. 

"Ешкім жынысы бойынша ешқандай кемсітушілікке ұшырамауы керек. Халықтың әлеуметтік осал санатына жататын сотталған ерлер саны 920 адам. Оған І және ІІ топтағы мүгедектер, ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандар, зейнеткерлер, толық емес отбасылар кіреді", – деп толықтырды Сәденов.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар