«Арыстан» мамандандырылған лицейінде ұландық қаһарман, ІІІ-дәрежелі «Айбын» Орденінің иегері лейтенант Жандос Баянбаевпен кездесу кеші өтті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Жандос Баянбаев лицей оқушыларына өзінің өткен өмірі жайлы әңгімелеп, жауынгерлік қызмет кезіндегі жасаған ерлігіне тоқталды. Ауыр жарақат алуына қарамастан, сотталғанның қашып кетуіне жол бермегендігі туралы естелік ерлік әңгімесі лицей оқушыларының жүректеріне рух сыйлағандай болды. Сонымен қатар кеш барысында сөз алған Ұлттық ұлан ардагерлері Геннадий Фалеев пен Икрам Мамедов оқушыларға Ұлттық ұланның жауынгерлік тарихы туралы сыр шертіп, ұлттық патриоттық тәрбиемен қоса ерлік жайлы өсиеттерін баяндап берді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының тарихына тоқталып, қоғамдық тәртіп, аса қауіпті қылмыскерлерді құрықтау секілді ұландықтардың бүгінгі міндеттерін тілге тиек етті.
Ерлік жайлы әңгіме оқушыларға ерекше әсер беріп, олар кеш қонақтарын ұйып тыңдады, соңынан өздерінің сұрақтарын да қойып жатты.
Осындай әдемі кеш барысы Ұлттық ұлан батыры Жандос Баянбаев туралы түсірілген бейнефильмді көрумен жалғасып, артынан Ұлттық ұлан оркестрінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Іс-шара соңында ұландық өкілдер «Арыстан» мамандырылған лицей оқушыларын болашақта ұландықтардың қатарын толықтыруға шақырып, Ұлттық ұланның әскери-жауынгерлік әрекеті бейнеленген бейнетаспаны, сондай-ақ, ұландықтардың төл басылымы «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналын арнайы сыйға тартты.
- Бүгінгі кездесуден үлкен әсер алдым. «Арыстан» мамандырылған лицейінің материалдық – техникалық базасы, оқытушы құрамы жоғары деңгейде екен. Ең бастысы мұнда алғыр да білікті, талантты оқушылар білім алып жатыр. Осылардың қатарынан болашақ қаһармандар шығады деген сенімдемін,- деп шара соңында Жандос Қамардинұлы өз ойымен де бөлісті.
Айта кетейік, 2014 жылғы 5 желтоқсанда «Алматы-Семей» бағытында сотталғандарды жоспарлы темір жол қарауылымен тасымалдау барысында қарауыл жеке құрамы аса ауыр қылмыстар үшін сотталған азаматтың қарулы шабуыл арқылы күзеттен қашып шығу әрекетін тойтарды. Қарауыл бастығының көмекшісі Жандос Баянбаев пен сақшы Нұрасыл Мүбәраков өздерінің отты қарудан жарақат алғандарына, өмірлеріне төнген нақты қауіпке қарамастан жауынгерлік қызметін жанқиярлықпен орындап, арам пиғылды қылмыскердің өз ойын жүзеге асыруына жол бермеді.
Көрсеткен ерен ерліктері үшін Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 7552 әскери бөлімі қарауыл бастығының көмекшісі Жандос Баянбаевты ІІІ-дәрежелі «Айбын» Орденімен, ал сақшы Нұрасыл Мүбәраковты «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградтаған болатын.
Пікір қалдыру