"ТАСТАНДЫ БАЛА" - ҚОҒАМҒА ТАСТАЛҒАН ЖАСАНДЫ ТАҚЫРЫП

/uploads/thumbnail/20170708211537942_small.jpg

Теңгенің құнсызданып, АҚШ доларының асқақтауы билік үшін қолайсыз жағдай екені белгілі. Өйткені, осынша жылдар бойы «өсіп-өркендеп» келген Үкіметтің бір пәсте тақырға отыруы есі дұрыс азаматты ойландырмай қоймайды. Ал, осы ой қараша халықтың мазасын жегідей жей берсе, қара халықтың наразылығы артса, түптің түбінде билікке оңай тимесі анық. Сондықтан да негізгі тақырыпты тасада қалдырып, халықтың назарып басқа жаққа бұру – биліктің ежелден қолданып жүрген сенімді әдісі.

Теңге құнсызданғаннан кейін өзектілігі жойылған тақырып болса да, Шыңғыс ханның қазақ немесе қазақ еместігі туралы әңгіме қайтадан бас көтерді. Аталған дауды бұл жолы Ұлттық Ғылым академиясының басшысы Мұрат Жұрынов көтеріп отыр. Академик сөзінің біссіміләсін «Біз ғалымдар, саясатпен шұғылдан­баймыз, тек ғылыми шындықты іздеумен айналысамыз» деуден бастапты. Осыдан-ақ ғалымдардың саясатқа қаншалықты араласпайтынын білуге болатын сияқты. Осындайда қазақтың «ұрының арты қуыс» деген мәтелі еріксіз еске түседі.

Бізді Тілеуберді Әбе­найұлы­ның кейінгі терең зерттеу жұмыс­тары қызықтырды. Бұрын да мил­лион­даған адамы бар түрік әлеміне шағын ғана әлсіз моңғол жұртынан шыққан адам­ның хан болуы түсініксіз және шын­дыққа ұласпайтын жай болатын. Себебі, хан тек қана күшті елден, күшті тайпадан шыққан. Шыңғыс ханның туған жері, өскен өлкесі Бұрқан және Түрген деген жерлерді қазіргі Моңғолия аумағынан да, солтүстік Сібір өлкесінен де таба алмайсыз. Ол жақта он­дай жерлер бұрын да, беріде де болмаған. Керісінше, дәл сол Бұрхан мен Түрген де­ген жер-су аттары Жетісу жерінде ежелден бүгінге дейін бар. Біз осындай дәлелдерге көңіл аудардық, бұл зерт­теудің бастамасы деп ойлай­мын. Мұны моңғол ғалымдары­мен бірге талқылап, пікірталас жүргізу ке­рек, – дейді академик.

Жалпы Мұрат Жұрыновтың Тілеуберді Әбенайұлының Шыңғыс хан туралы зерттеуіне назар аударуы қызық. Өйткені, Шыңғыс ханның қазақ немесе түрік екендігі туралы әртүрлі шет елдік ғалымдар айтып жүр ғой. Сондықтан бұл көпшілік үшін жаңалық емес. Біздің пайымдауымызша Шыңғыс ханның тегін тергеу құнсызданған теңгенің мәселесін тасада қалдыру үшін жасалған әккі әрекет сияқты. Бұл бір.

Сондай-ақ, негізгі мәселеден назарды бұруда тастанды балалардың жыры жақсы рөл атқарып тұрған сияқты. Тіпті, халықты немен алдаусыратамыз деп отырған Үкіметің тілеуін берді десе де болады. Иә, рас жаңа туған сәбидің әжетханадан табылуы немесе жол бойына лақтырылған нәрестенің мәселесі кім кімді болсын ойландырмай қоймайды. Алайда, дәл осы мәселені билік тым ұлғайтып жіберген сияқты. Өйткені, тастанды балаларға қатысты ақпарат күн сайын түрленіп барады. Мәселен, Жамбыл облысы Талас ауданында болған оқиға телесериалға бергісіз сипат алды. Түрлі деңгейдегі ақпарат құралдары, оның ішінде билік саясатын насихаттайтындары да бар, аталған оқиғаны «жіті назарға алып», күнде бірнеше хабардан беруде. Мәселен, «Екі қабат кезінде алғысы келмеген қызға енді жігіт үйленгісі келетінін айтыпты. Қыз да жігіттің ұсынысынан бас тартпай тұрмысқа шыққалы жатқан көрінеді». Бұл бүгінгі баспасөздегі «қызу тақырып». Алдағы уақытта БАҚ жас-жұбайлардың тойы өтті деп жаһанға жар салуы мүмкін.

Жалпы қазіргі таңда дәл осындай тақырыптағы ақпараттар легі толасталар емес. Біздің пайымдауымызша бұл теңгенің құнсызданып, АҚШ доларының шарықтауынан, мұнай бағасының күн санап түсіп, сонымен бірге Үкіметтің тығырыққа тірелгенінен, елдің экономикалық апат алдында тұрғанынан жұртшылықтың назарын басқа жаққа бұру үшін тасталған жасанды тақырып сияқты. Әйтпесе, тастанды балалар бір бүгін пайда болған жоқ. Сөз етсе, бұрын да сөз етер еді. Айтса, бұған дейін де айтар еді. Яғни, билік үшін қоғамда экономикалық ахуалдан гөрі Шыңғыс ханның тегі мен бұзылған қыздардың қылығының талқыланғаны тиімді болып отыр. 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

 

Астана 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар