Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау тәртібін түсіндірді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Осы жерде 20 наурызда өткелі отырған сайлауды ұйымдастыруға қазынадан 7 миллиард 985 миллион 300 мың теңге бөлінгенін айта кеткен жөн.
Аталған сайлау аясында Мәжіліске 107 депутат, оның ішінде 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланса, облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға 3335 депутат өкілетік алмақ.
Сайлау негізінен ұсыну, тіркеу, сайлау алды үгіт деп аталатын үш кезең бойынша өтеді. Саяси партиялар атынан кандидаттарды ұсыну бүгін басталып, 8 ақпанға дейін жалғасады. Кандидаттар ұсыну тек саяси партиялардың және халық Ассамблеясы кеңесінің ғана құзырындағы мәселе екені белгілі. Ал, ассамбле атынан ұсыныстар 20-29 ақпан аралығында қабылданады. Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 19 ақпанға дейін жалғасады.
Тіркеу кезеңіне келер болсақ, партиялық тізімдерді тіркеуді ОСК 19 ақпанға дейін жүргізеді. ҚХА –дан ұсынылған кандидаттарды тіркеу 25 ақпан мен 5 наурыз аралығында өтеді. Аумақтық сайлау комиссиялары мәслихат депутаттығына үміткерлерді 23 ақпанға дейін тіркеп бітулері тиіс.
Сайлаудың ең қызықты сәті үгіт-насихат кезеңіне келер болсақ, ол партиялық тізім бойынша сайлауға түсетіндер үшін 20 ақпанда басталып, 18 наурызға дейін созылады. ҚХА атынан түсетін үміткерлер 6-19 наурыз аралығында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбек. Мәслихат сайлауының үгіт-насихат шаралары 24 ақпан мен 18 наурыз аралығында өтеді.
Сонымен, сайлау күні сайлаушының қолына 3 бірдей бюллетень беріледі. Оның бірі – Мәжіліс депутаттығына үміткер ұсынған партиялардың тізімі болса, қалған екеуі облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депуттаттығына үміткерлердің тізімі болмақ. Мұның барлығы жер-жерлердегі сайлау учаскелеріндегі қызметкерлер үшін біршама ауыртпалықтар туғызары анық. Алайда, ОСК басшысы сайлауды тиісті деңгейде өткізуге қажет барлық мүмкіндіктерге иеміз деп отыр.