Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевтың қатысуымен кезекті баспасөз мәслихаты болды. Онда бас банкир қаржы нарығындағы ахуалға баға берді, - деп хабарлайды "Қамшы" порталы.
«2015 жылы Қазақстанда жылдық инфляция - 13,6 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы бір жыл ішінде 10,9 пайызға өсті. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 22,6 пайызға, ақылы қызметтер 8,1 пайызға қымбаттады», - Д. Ақышев.
Сонымен қатар, бас банкир валюта нарығындағы айырбас бағамы жөнінде өз ойын білдірді.
«Бүгін таңертең Қазақстан қор биржасында бір АҚШ доллары 383,23 теңгені құрады. Жыл басынан бері өзгеріс 12,7 пайызды құрап, сауда көлемі 58 млрд. АҚШ долларына жетті. Біз өткен жылдың соңында өткен баспасөз мәслихатында теңгенің бағамы сыртқы факторларға байланысты өзгеруі мүмкін екендігін ескерткенбіз. Яғни, мұнай бағасы бір баррель үшін 30 доллардан төмендеп, Ресей рублі 10 пайызға құнсызданды. Сәйкесінше, теңге бағамы жаңа деңгейде қалыптасып жатыр»,- деді Д. Ақышев.
Айта кетелік, өткен желтоқсан айындағы инфляция - 1,2 пайыз болды. Бір жыл ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 22,6 пайызға өсті. Азық-түлік тауарларының ішінде 2015 жылы көбінесе қант - 19,8 пайызға, балық және теңіз өнімдері - 19,5 пайызға, майлар мен тоң май - 18,5 пайызға, жұмыртқа - 18,0 көкөністер мен жемістер - 17,3 пайызға және макарон өнімдері -10,2 пайызға қымбаттады.
Ал, ақылы қызмет көрсету - 8,1 пайызға көтерілді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар нарығында киім мен аяқ-киім бағасы 32,9 пайызға, дәрі-дәрмектер 30,7 пайызға, тұрмыстық үй заттары 24,7 пайызға көтерілді.