Қытайдағы Іле Қазақ аймағында бірнеше мың асықтан үлкен асық мүсіні құрастырылды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Ұлттық спорт түрлерін кеңінен тарату, деңгейін көтеру мақсатында өңірде бірқатар оң істер қолға алынуда. Іле Қазақ аймағына қарасты Күнес ауданының №5 орта мектебі ұлттық дәстүр тәрбиесін мектеп бағдарламасына енгізген білім ордасы. Оны тек сабақ ретінде оқып қана қоймай, ұлт дәстүрлерін ұрпақ санасына құюмен ұштастыра білген. Соның бір мысалы - оқушылар қолымен жасалған алып асық мүсіні. Оны жасау үшін кәдімгі асықтардың 10 мыңға жуық данасын жинауға тура келген. Осынша көп асықтан жасалған мүсіннің биіктігі 2,6 метр, ені 90 сантиметр, ұзындығы 1,3 метр болған. Мүсінді қол өнерге баулитын мұғалімдердің көмегімен 10 оқушы ақылдаса отырып, жасап шыққан. Бұл жұмысқа оқушылар 1 ай уақыт арнаған.

Формасы келісті, нығыз да сапалы асық көптің көзайымына айналып, оң баға иеленді. Одан да қуаныштысы, мектеп басшылығы ғылыми түрде тізіліп, шебер туындыға айналған асық мүсінін Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге ұсынып отыр. Соған орай, Шанхай Гиннес рекордтарын бағалау бас штабына тиісті құжаттар жинастырылып жатыр.