Алматылық адвокат Марат Үсіпбеков «Оңай» электронды билеттендіру жүйесін қолданысқа енгізіп жатқан «Алматы көлік холдингі» ЖШС-ның үстінен сотқа талап арыз түсірді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Шағымданушы адвокат жауапты тарапты бұрын қолданыста болған қағаз жол жүру билеттерін барлық қоғамдық көлік құралдарында қалпына келтіруге, билеттендіру жүйесін ойлап тапқандардың әрекеттерін заңға қарсы деп тануды талап етіп отыр.
Заңгер «Тұтыншулыр құқын қорғау туралы» заңның қызмет түрлерін еркін таңдауға мүмкіндік беретін 7-бабының 5-тармағын алға тартады. Яғни, электронды билеттендіру жүйесін енгізу арқылы компания тұтынушыларды есептесу түрін таңдау құқынан айырып отырған көрінеді.
«Бұдан басқа, жолаушылар бұрын бір айға берілетін жол жүру билеттерін пайдалану арқылы қосымша ақы төлемей-ақ бір автобустан түсіп келесісіне отыра алатын», - деген адвокат қағаз жол жүру билеттерін енгізген қалалық мәслихат шешімі әлі күнге күшін жоймағандықтан, электронды жүйе заңсыз деп санайды.
Сонымен қатар, заңгер «Оңай» карталарын қайтадан өткізу мәселесінде де шикілік барын айтады.