Түрлену. Мәжілістің алдағы кезектен тыс сайлауынан кейін жасақталатын депутаттар корпусын «жаңарған» дегеннен гөрі осылай «түрленген» дегеніміз жөн сияқты. Оған себеп аз емес. Бұған дейінгі парламент мәжілісі де сондай қалыппен жасақталып келді. Ал, депутаттарын жергілікті мәслихаттар мен президенттің өзі «сайлайтын» Сенат туралы бірдеңе айтудың өзі ыңғайсыз.
Бұл жолы да билік «жеделдетілген саяси реформалар жүргізу» деген желеумен апыл-ғұпыл сайлау өткізіп, «жаңа» парламент жасақтап алмақшы. Бұл билікке «халықтың сенім мандатын анықтап алу» үшін керек болыпты. Былай қарасаң биліктің бұл ісіне де ішің жылып қалады екен. Әйтпесе, былайғы жұртты «итпісің, кісімісің» демей, отырып алса қайтер ек...
Сонымен, наурыздың 20-ы күні сайлау өтеді. Осы орайда И. Сталиннің «Сайлау маңызды емес, санау маңызды» деген сөзін әлі күнге ұмыттырмай келе жатқан жағдайлар тағы да еске оралады. Саяси науқан туралы дақпырт шығысымен-ақ, жер-жерлердегі сайлау комиссияларының құрамы пысықталып, о дүниелік боп кеткен, яки басқа жаққа көшіп кеткен комиссия мүшелерінің орны толықтырылып, билік сайлауға біршама дайындық жасап та алды. Ал, кешелі бері шығып жатқан «Сайлауға 8 миллиард ақша кетеді, пәлен-түглен» деген әңгімелер «Осы үйдің қойы жоғалған сияқты ғой» дейтін әлгі бір ұрының әпербақандығын еске салатын дүрмек қана. Әйтпесе, сайлау комиссиялары екі алақандарын ысып, сыналатын сәтін күтіп отыр.
Сайлау нәтижесі әр облыс басшысының саяси тағдыры үшін зор маңызға ие. Бас партияға, билік қалаған кандидатқа қажет дауыс жинап бере алмау – қай әкім үшін де өліммен тең. Ал, сол жағдайды жасаған, бірді бірге соғып дауыс жинаған комиссия төрағалары мен мүшелері сайлаудан соң тиіті марапаттарын алады. Оның үстіне, айтқанынан шықпайтын мәслихат жасақтау да әрбір әкімнің ең басты мақсаттарының бірі.
Ежелден-ақ абыройсыз келе жатқан мәслихатты қоя тұрып, дәрежесі сәл биіктеу мәжіліске ойыссақ. Бүгіннің өзінде алдағы сайланатын мәжілісте саяси партиялардың саны артады деген әңгіме желдей есіп жүр. Күні кеше кезінде Президент Әкімшілігінің басшылығында болған депутат Мәулен Әшімбевтің өзі «Мәжіліске кемінде 3 партия өтеді» деп қалды. Бұл сайлау жақындаған кездегі өзіне жақын партияларға билік тарапынан білдірілген саяси емеурін десе де болады.

Қазіргі депутаттардың көбі қайта сайланады деген әңгіме де бекер емес. Өйткені, Қазақстан тарихында мәжілістің соңғы құрамынан асқан билікке адал парламент болмаған сияқты. Шетелден пәленбай миллиард қарыз алу туралы сандаған келісімдерді ләм мим демей бекітіп келді. Халықтың тапқан табысынан әлденеше есе жоғары айыппұлдар көлемін де билік осы депутаттардың «күшімен» рәсімдеп алды. Үкімет басшысын, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық банк сынды стратегиялық маңызы бар орган басшыларын тағайындауда да «Бұл қалай болар екен?» деген бір депутат болмады. Демек, депутаттардың өздері айтқандай бұл шақырылымдағы мәжіліс «өз міндеттерін адал атқарып шықты». Жарықтықтар «Ақыры тарап бара жатырмыз ғой. Халық алдында жүзіміз жарқын болсын, айтып-айтып тастайық» дейтін уақытша батырлыққа да бара алмады. Бейнелеп айтсақ, тамағына пышақ таянғанда тұяғын серпитін қой құрлы да қауқарлары болмады. Әйтпесе, саяси пиар үшін болса да, ана балағынан бала саулаған жеңіл жүрісті қыздарды сынға алса да жетер еді ғой. Оған да жарамады. Бұл да тегін емес. Өйткені, бұл үнсіздік - «қожайынның көңіл-күйін бұзып алмайық» деген қорқыныштың белгісі.
Әңгімеміздің басында айтылғандай, бұл сайлауды өткізудегі мақсат - алдыңғы мәжілістерден біршама өзгешеліктері бар, барлық тараптың мүддесін ескергендей сыңай танытарлық депутаттар корпусын жасақтау. Билікті басың бар, көзің бар демей соққылайтын қауқарлы оппозициялық күштер бүгінде жоқ. Аузы дуалы деген жекелеген салмақты саясаткерлер болғанымен, олар белгілі бір партия ұсынбаса мәжілістің маңайына жолай алмайды. Яғни, сайлаудан кейінгі мәжіліс те осы қолда бар «қолбала» саясаткерлерден жасақталады. Тек, сәл-пәл түрленіп, бұрындары билікке жақын жүргенімен нақты бір кресло бұйырмай келген бірді-екілі тұлғалармен толықтырылуы мүмкін. Ондай «халық қалаулылары» енді бұрын билік дәлізіне маңайлай алмай келген өнер, мәдениет қайраткерлері, «Болашақпен» шетелде оқу бітірген, саяси қызметке енді араласа бастаған жас шенеуніктер, «Нұр Отаннан» шығып, кейін бас партияға саяси ақидадасы қарсы келмейтін ұйымдар құрамына енген «тәуелсіз» саясаткерлер, бизнес пен аграрлық сектор, өнеркәсіп басшыларының арасынан іріктелуі ғажап емес. Жаңа мәжіліс осылай жасақталып жатса, сонымен-ақ, ауылдағылар айтып жүрген бес партия шыққалы тұр емес пе?




Сондықтан да, кезінде «Нұр Отанның» орталық аппаратында қызмет еткен, кейін ол жерден аластатылып, тәуелсіз саясаткер кейпіне енген Сырым Абдрахманов, қаласа ғаламторда алып корпорациялардың басшыларын жерден алып жерге сала алатын блогерлердің бастығы Ғалым Байтоқ сынды бірнеше азамат парламентке баратын төртінші, бесінші партиялардың құрамынан көрініп жатса «Как это?» деп жүрмеңіз. Ол аз десеңіз, білетіндер, тіпті, қазіргі эстрада жұлдыздарының ішінен де бірнеше депутат сайланып қалуы тиіс дейді. Тек әншілер ғана емес, руханиаттың басқа да өкілдері билікте жүруге лайық. Ақындардан Маралтай Райымбекұлы мәжілісте атақты поэмасын оқып отырса олқы ма? Кезінде тәуелсіз басылымдарда қызмет еткен, бүгінде биліктің ыңғайына қарсы келмейтін мекемені басқарып отырған Жанарбек Әшімжан да әдебиет айналасындағылардың ішіндегі парламент портфелін ұстауға жарап қалған жандардың бірі.
Сайлау туралы дақпырт шыққалы қаптай бастаған саяси сарапшылар өз болжамдарын айта жатар. Ал, біздің пайымдауымызша бюджеттен саяси декорация үшін бөлінетін 7 миллиард 985 миллион 300 мың теңге осылай игеріледі.
Жомарт Абдоллаұлы