Телеарналар бос сенсацияға неге әуес?

/uploads/thumbnail/20170708211706381_small.jpeg

Жамбыл облысында болған жантүршігерлік оқиға тағы да көпшіліктің назарын аударып, талқылауға түсті. Облыстың Талас ауданында оныншы сыныптың  оқушысы көлікте босанып, нәрестені жол жиегіне лақтырып кеткен. Ауыр жарақаттан жаңа туған сәбидің бас сүйегі жарылып,  бірден шетінеп кеткен...

Міне, бұл бірнеше күннен бері еліміздегі телеарналар жаңалықтарынан түспей келе жатқан басты тақырып десек болады. Басты тақырып демей не дейміз? Күнде не болып, не қойғанын, кімнің жазаланатынын, кімнің жұмыстан кеткенін бүге-шүгесіне дейін ақтарып жатыр арналар.

Күн сайын дабыра қылып, сенсация жасап, болған оқиғаны қайта-қайта жаңалықтардан көрсетіп, елге жариялау қаншалықты қажет? Ол қыздың келешек тағдырына үлкен соққы жасап жатырғандарын сол арналар түсінсе ғой. Неге біздің телеарналар сол жағынан ойланып, сараламайды? Егер осы оқиғаны бүкіл елге дабыра қылмай, қажетті орындар ғана заң жүзінде тиісті шаралар қолданса да жетпей ме? Қателік кетті оны мойындауымыз керек. Алайда бұған барша қоғам кінәлі. «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» демеп пе еді ұлы Абай?! Ендеше, қаршадай қызды қаралай бергеніміз жөн бе? Өзі сорлап, қиналып жатырған қыздың жарасына тұз сеуіп, одан сайын жағдайды ушықтырудың қажеті қанша?! Бұл сенсациялардың артында бір қыздың тағдыры, бір әулеттің, тіпті ұлттың қадірі жатыр. Қыздарымызды қаралау арқылы ұлтымызды масқаралап отырғанымызды неге түсінбейміз?

Одан да осындай жағдайлар болашақта қайталанбас үшін не істеуіміз керек? Балалар мен жасөспірімдер тәрбиесі неге кемшін? деген сынды сұрақтарға бас қатырып, неге соларды шешу жолын іздемейміз? Әйтпесе әр жаңалық сайын сол оқиғаны қазбалай бергеннен не ұтамыз? Сол телеарналар ұрпаққа шынымен жандары ашыса, үнді сериалдары мен әр бес минут сайын қайталанатын жарнамаларының орнына жастарға тәрбие беретін, имандылыққа шақыратын бейнероликтер жүргізіп, ғибратты  бағдарламалар көрсетсін, жастарымыздың ұлттық дәстүрімізге үңілулеріне барынша күш салсын. БАҚ халықтың көзі, құлағы болса, сіздердің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлестеріңіз үлкен. Алайда, телеарналар ұрпақ тәрбиесінен гөрі, сенсация жасап, өздеріне ұпай жинауды көбірек ойлайды.

Венера Мұратқызы,

Астана

Қатысты Мақалалар