«АЗАТ» ПАРТИЯСЫ ӨЗ ДӘРМЕНСІЗДІГІН БИЛІКТЕН КӨРЕ МЕ?

/uploads/thumbnail/20170708211708053_small.jpg

Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәлімдемеге сай қазіргі таңда еліміздегі жеті саяси партия мәжіліс сайлауына қатысу мүмкіндігіне ие. «Нұр Отан», «Ауыл» халықтық-патриоттық партиясы, «Ақжол» демократиялық партиясы, «Бірлік» партиясы, Қазақстанның халықтық-комунистік партиясы, жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен соңғы кезде көзден де көңілден де көмескілене бастаған «Азат» демократиялық партиясы қолданыстағы заңнамаларға сай сайлауға қатысу туралы өтініш бере алады. Біздің әңгімеміз де осы тізімді тұйықтап тұрған «Азат» партиясы жайлы болмақ.

Кезінде «Нағыз Ақжол» деген күлкілі атауын «Азат» деп өзгерткен партия 2006 жылы ресми түрде тіркелген еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Азат» қозғалысын құрып, рухты бастамалар көтерген біршама қайраткерлердің партияның бұл атауды иеленуіне наразылық білдіргені өз алдына бөлек әңгіме. Кейін «Азат» Жармахан Тұяқбай құрған жалпыұлттық социал-демократиялық партиямен бірлесіп, саясат сахнасында біраз «өнер» көрсеткен болды. 2012 жылы бірлескен партия парламент сайлауына да түсіп, жеңіліс тапты. Ал, 2013 жылдың наурыз айында Жармахан Тұяқбай бастаған ЖСДП-лықтар съезд өткізіп, «Азаттан» сырт айналды. Сөйтіп, авторлығын әркімге теліп жүрген алауыздық салдарынан кезінде «Ақжол» партиясынан жексұрын боп кеткен «киндер-сюприздерді» жармаханшылар да жарата қоймады.

«Азаттың» саяси ғұмыры осы 2013 жылмен аяқталды десек артық болмайды. Себебі, партия жетекшісі, елге танымал кәсіпкер Болат Әбілов саясаттан уақытша кететінін мәлімдегеннен соң бұл партияның да аты естілмейтін болды. Тіпті, саяси ұйым ретінде Жарғыларының талаптарын сақтап, съезд не құрылтай өткізіп, жаңа төраға сайлау, одан арғы саяси бағдарын нақтылау сынды мәселелерге де бас қатыра қоймады. Тек сайлау кезінде ғана белсенділігі артатын һас саясаткерлерше «Сен тимесең, мен тимен» деп тас бүркеніп жатып алды. Солай жата да берер ме еді? Бәрін оппозицияның тағдыр таланын белгілеп беретін билік құртты. Кеше орталық сайлау комиссиясының басшылығы Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы мәжіліс сайлауына еліміздегі жеті саяси партия қатыса алатынын жариялады. Олардың қатарында атауын былайғы сайлаушы тұрыпты, қазақстандық оппозицияның белді өкілдері ұмыта бастаған «Азаттың» да аты аталды. Аты аталған соң жата ма? Оның үстіне тіміскі журналистер де тыныш жүрмей, партияның көште қалған «серкелерін» іздемей ме! Ол жұмыс та нәтижесіз емес. Vlast.kz сайты «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярованы тауып алып,  алдағы сайлауға қатысты жоспарларын сұрапты. Журналист-саясаткер Маржан Аспандиярова ханым партияның атынан сөйлейтін өкілеттігі жоқтығын ескерте отырып, «Азаттың» бұл сайлауға қатысуынан еш мән-мағына көрмейтінін айтыпты.

«Біз (сайлауға – ред.) қатыспайтын шығармыз. Мен, әрине, бүкіл партия үшін жауап бере алмаймын. Бірақ, бұл сайлау қатысудың еш маңызы жоқ сайлау. Әрине, біздің өңірлерде белсенді мүшелеріміз көп. Бірақ, партия ретінде біз сайлауға қатыспайтын шығармыз», - депті М. Аспандиярова.

Алайда, «Азаттықтардың» алдағы сайлауға қатысты біржақты шешімі шықпады. М. Аспандиярова ханым да жақын күндері партияның қандай да бір бас қосу, кеңестері өтетінін айтпапты.

Оппозициялық күштердің соңғы 4-5 жыл шамасында айтарлықтай әлсірегені бүгінде ешкімге құпия емес. Тек партиялық тізім бойынша өтетін Мәжіліс сайлауына қатысу мүмкіндігі де жоққа жақын. ЖСДП төңірегінде бірігіп, сайлауға түсу туралы идея сәуірде өткен кезектен тыс президент сайлауында да көтерілді. Қоғамдық белсенді Ермек Нарымбаев ол кезде елдегі билікке қарсы күштер мен жекелеген саясаткерлерді ЖСДП айналасына топтасуға, президенттікке үміткер ретінде Зәуреш Батталованы ұсынуға шақырды. Әлдеқашан бір бірін көрместей болған оппозиция серкелері бұл бастамаға қолдау білдіре қоймады. ЖСДП жетекшісі Ж. Тұяқбай да бұл сайлауға түсуден мәнсіз шаруа жоқ деп, партиясының президенттікке кандидат ұсынбайтындықтарын мәлімдеген еді. Бұл жолғы Мәжіліс сайлауына қатысты ЖСДП-лықтар съезд өткізіп, нақты шешім қабылдаймыз деп отыр. Партия жетекшісінің жақында қабылданған ұлттық бірегейлік тұжырымдамасына байланысты мәлімдеме жасауына қарап, социал-демократтардың бұл сайлауға ұлтшылдармен бірлесіп түсу ықтималдығын жоққа шығара алмаймыз.

Сонымен, «Азат» жетекшісі бұл сайлауға қатысудың маңызы жоқ деп отыр. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы саясаттан хабары барлар үшін ескі «әлауләй» саналады. «Ойбай, билік оңбаған! Сайлау нәтижесін бұрмалайды! Оппозицияны тұқыртумен келеді!» деген мәлімдемелерінен құлақ шаршаған. Бірақ, оппозициялық саясаткерлер осы ескі әдістен жаңылмай келеді. Кімнің болса да билікті оңайлықпен бере қоймайтыны, ол жолда әділ, әділетсіз бәсеке болатыны, тіпті, билік басындағылардың түрлі құйтырқылықтарға да баратыны ешкімге жасырын емес. Әріден ойлайтын болсақ, оппозиция осал болмаса билік те ашық әділетсіздіктерге бармас еді. Тек сайлау қарсаңында ғана бой көрсетіп, белсенділік танытатын оппозициялық күштер халықпен жұмыс істеуді, жергілікті жерлерде филиал жұмыстарын жүргізуді саяси жұмыс деп санамайтыны бәрімізге белгілі. Тек, басылым беттерінде, баспасөз мәслихаттарында ғана кіжінетін олар 2-3 мың адамның басын қосқан жөнді митинг өткізуге де қауқарсыз. Ақорданың саяси технологтары оппозицияның осы осал тұсын бес саусақтай біліп алған.

«Бұл сайлауға қатысудан пайда жоқ. Бұл – әділетсіз өтетін сайлау!» деген мәлімдеме егер «Азат» партиясы осы уақытқа дейін белсенді саяси жұмыс жүргізіп келген, өңірлермен байланысты жүйелеген болса, елдегі саяси-қоғамдық мәселелерге дер кезінде үн қатып, экономикалық-әлеуметтік қиындықтарға байланысты халықтың сөзін сөйлеп келген болса әсерлі естілер еді. Ал, ОСК-ның осқырынғанынан оянып кетіп, «Біз қатыспаймыз!» дегені салмақты саяси ұйымның мәлімдемесі ретінде қабылданбайды.

Саяси режиммен келіспейтін, оның басшысы жүргізіп отырған саясатқа наразы дені дұрыс саяси күштер саяси додаға қатыспаған күннің өзінде ол науқанға байкот жариялап, халықты сайлауға бармауға, ешбір үміткер мен партияға дауыс бермеуге шақырар еді. «Азаттың» кешегі мәлімдемесінен, өкінішке орай, ондай ештеңе байқамадық.

Мәжілістің өзін тарату туралы үндеуі жарияланғалы бері он күнге жақындаса да саяси күштер, оның ішінде, оппозициялық саясаткерлер үнсіз жатыр десе де болады. Ондай үнсіздіктің де себебін шамалап отырған сияқтымыз. Өңірлерге шығып, қол жинау, халықты ұйымдастыру, сөйтіп, нағыз қоғамдық-саяси жұмыс жүргізуден гөрі, бар кінәні біреуге артып, «Билік аяқасты сайлау өткізді. Біз түк дайындалып үлгере алмадық» деп екіге оқитын оқушының сөзін айту қазақстандық оппозицияшылдарға әлдеқайда оңайға түседі.

Жомарт Абдоллаұлы

«Қамшы» сілтейді 

Қатысты Мақалалар