Фейсбук әлеуметтік желісінде Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Ибраһим Имановтың Орден алуын атап өту рәсімі түсірілген видео жарияланды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы. Видеода облыс прокуроры И. Имановтың 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталуына байланысты өзін елдің Бас прокуроры Асхат Дауылбаевқа таныстырған сәті, фужерге құйылған белгісіз ішімдікті ұзақ сораптап ішкені, артынша екінші бокалды көтеріп, қағып салғаны анық көрінеді. Сондай-ақ, видеода Бас прокурор А. Дауылбаев облыс прокуроры И. Имановты құттықтап, оған «Даңқ» орденінің екі дәрежесімен де наградталған Бас әскери прокурор Ерғали Мерзадиновты үлгі етіп көрсетеді. ОҚО прокуратурасының сайтында И. Иманов 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен 2013 жылғы желтоқсан айында наградталғаны көрсетілген.