СЕРІКЖАН МЕН ЕРМЕКТІҢ АЙЫБЫ НЕ?

/uploads/thumbnail/20170708211721881_small.jpg

Өткен жылдан бері Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың үстінен "Алауыздық тудырды" деген айыппен сот отырысы өтіп жатыр. Бүгін аталған сотта тараптар жарыссөзге кірісті. Демек, әні-міне істі болған азаматтарға байланысты сот үкімі шығуы мүмкін. Ал, Алмалы ауданының прокуроры Дидар Қабаев болса соттан Мәмбеталинді 4 жыл, Нарымбаевты 5 жылға соттауды сұрап отыр. Жалпы, қос азаматты дәл осылай жазалайтындай не бүлдірді?

Қос белсенді – Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев былтыр қазан айында қамалған болатын. Аталған азаматтарға Facebook желісінде Мұрат Телібековтың "Ветер с улицы" кітабынан үзінді келтірді деген айып тағылып отыр. Жарық көрмеген кітаптан үзінді жариялағаны үшін Мәмбеталин мен Нарымбаев ұлтаралық араздықты тудырған көрінеді. Нақтырақ айтсақ, оларды 174-баптың 1-тармағы, яғни "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру" бойынша айыпты болып жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, олар 4-5 жылға сотталуы мүмкін.

Бір қызығы, сот "Ветер с улицы" атты кітапты жазған Мұрат Телібековты емес, одан үзінді келтірген Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевты айыпты деп отыр. Бұл деген сөз, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылдының» кері болып тұрған сияқты. Өйткені, Телібековтың кітабын сайттардан емін-еркін тауып алуға болады. Егер аталған кітап шынымен де ұлтаралық араздықты тудыратын болса неге оны сайттардан алып тастамайды? Бұл жағы белгісіз. Бірақ, бізге бір белгілісі, әлдекім Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевты қайткен күнде де айыпты етіп шығарғысы келген сияқты. Әйтпесе, сот залында олар емес кітап авторы ретінде Мұрат Телібеков отырар еді ғой.

Белгілі заңгер Абзал Құспанның айтуынша «Телібеков емес, Серікжан мен Ермек неге істі болды?» деген сұраққа жауап беру үшін міндетті түрде заңгер болу қажет емес. Сондықтан да, заңгер Мәмбеталин мен Нарымбаевтың істі болуын ақымақтық деп бағалап отыр.

– Негізі біз "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру" деген 174-бапқа осыдан 4-5 жыл бұрын тап келген болатынбыз. Нақтырақ айтсақ, атышулы «сопылар сотында» Саят Ыбырай 12 жылға сотталды. Міне, осы соттан кейін біз қазақ және орыс тілді журналистердің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізген болатынбыз. Аталған жиында «Болашақта 174-баппен соттау тәжірибесі қалыптасайын деп отыр. Бұл бап қалыптасатын болса мұның құқықтық салдары қауіпті болады. Себебі, сопылық пен уахабимз өз алдына бір дін емес, ол исламның бір тармақтары. Алайда, сот осыны дінаралық алауыздық деп бағалап отыр» деп айтқанбыз. Бұл туралы абай.кз сынды сайттар жазды. Сондай-ақ, аталған жиында журналистерге «ертең бұл бапты сіздергеде қолданады» деп ескерткен болатынмын. Менің ойымша, бұл бапты қылмысттық кодекстан алып тастау керек немесе бұл бапты нақыталау керек. Өйткені 174-ші бап өте түсініксіз бап. Айталық, сот Серікжан мен Ермекке ұлтаралық араздықты тудырды деп айып тағып отыр. Олар нақты қай ұлттың арасызда ұлтаралық араздықты тудырып отыр? Бұл жағы белгісіз. Сондықтан да, бұл баппен азаматтарды айыптау барып тұрған ақымақтық, – дейді Абзал Құспан.

Кеше алауыздық тудырды деп айыпталған Болатбек Біләловты сот бас бостандығын үш жылға шектеп, оны сот залынан босатты. Оның бостандыққа шығуына «қылмыстық ісімді саяси мақсатта және өзін жарнамалау үшін пайдалануға тыйым саламын» деген сөзі түрткі болды. Ал, Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың соты немен аяқталуы мүмкін? Олар да Болатбек Біләлов сияқты өз кінәсін мойындап, жазасын жеңілдете ме, жоқ әлде, бірнеше жылға түрмеге жата ма? Бұл жағы белгісіз. Бірақ бізге бір белгілісі, 174-ші баптың салдары әлі де талай адамның түрмеге жатуына себепкер болатын сияқты.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана

 

Қатысты Мақалалар