Қазақстандық құрылыс компанияларды валюта бағамындағы өзгерістер тұрғын-үй нарығындағы баға саясатына қатты ықпал ететіндігі алаңдатады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
«Базис» құрылыс холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович Үкіметте өткен отырыс барысында ақпарат құралдарына тұрғын үйге сұранысты арттыру жолдары жайлы пікірін білдірген. Оның ойынша, валюта бағамына байланысты төмендеп кеткен сұранысты көтеру үшін арзан ипотекалар қарастыру керек екен.

«Басты міндет – қазіргі бар көлемнен айырылып қалмау. Бұрынғыдай құрылыс жалғасу үшін сұранысты кһтермелеу керек. Біз арзан ипотекалық бағдарламалар сұрап отырмыз. Түрлі нұсқалар бар. Бұл мемлекет салатын арендалық баспана болуы да мүмкін. Біз коммерциялық жобаларды да қарастырып жатырмыз. Қазір бұл бағдарламалар біршама тиімсіздеу, несиелері қымбат. Егер біз бір келісімге келсек, жеке компаниялар да арендалық тұрғын үйлер салуға қатысар еді», - деді ол.
Сондай-ақ, ол Ресейді үлгі ете отырып, банк кредиттерін субсидиялауды да қарастыру керек деген пікірде.
«Егер банк несиелері қымбат болса, адамдар оны алуы үшін мемлекет субсидия жасауы керек. Әзірге бұл мүмкін емес шығар. Бірақ, мына мұнай бағасы мен валюта бағасына қатысты толқулар басылғаннан кейін, бірінші тоқсан аяқталған соң бұл мәселеге де оралуға болар» деген банкир қазына қаржысынан да үмітті екенін білдірген.