«Иә, біздің парламент Сайлаубекке сай ғой!»

/uploads/thumbnail/20170708211910820_small.jpg

Қазақстанда елдің назарын беталды тақырыптарға бұрудың хас шебері атанған Мұрат Телибеков жақында Мәжіліс депутаттығына өзі лайықты деп санайтын бірнеше тұлғаны ұсынып, олардың арасында белгілі рэпер МС Сайлаубектің де есімін айтты. Бұл мәлімдемеге наразылық танытқан ғаламтор пайдаланушылары МС Сайлаубекті де, оны ұсынған Телибековті де жерден алып жерге салуда.

Осы тұста бұл ұсыныстың балама пікір ретінде болса да «өмір сүруге» хақысы бар екенін айта кеткен жөн. Оған негіз де жоқ емес.

Бәріміз білетіндей, МС Сайлаубек мырза айтып жүрген әндерді былайғы жұрт тұрыпты, Сәкеңнің өзі де түсінбейді. Ал, бірнеше рет сайланған Мәжіліс депутаттарының жұмысын да түсінген жан бар ма арамызда? Жауап беру қиын, әрине! Өйткені, К. Мәсімов Үкіметі дайындап берген заң жобаларын сүйікті парламентіміз бір әрпін өзгертпей-ақ мақұлдап келді. Зейнетақымен қамту, шетелден қарыз алу, нарықтағы бағаны реттеу сынды қаншама өмірлік маңызы бар заңдық құжаттарды қабылдап жатқан осы парламент емес пе?!

Одан соң, сағат санап құлдырап жатқан теңгенің жайын, баспанасыз жүрген қазақтың қамын айтпаса да, ең құрығанда «халық қалаулылары» ретінде депутат мырзалар қоғамда болып жатқан неше түрлі келеңсіз жайттарға байланысты пікір білдіріп, елге жөн сілтеуге де жарамады. Көктемде сайланатын депутаттар корпусы да бұрынғысынан өзгеше болады деп айта алмаймыз.

Олай болса, Мәжілісте «Қазақстанда қыз-келіншектер екі күйеуге тисін» дейтін Бақыт Сыздықова отырды не, «Жлөмана симаналатқан» Сайлаубек отырды не?! Егер тағы да айтқанын адам түсінбейтін «әдеттегі» парламент жасақталатын болса, МС Сайлаубек мырзаның аты «Нан бағасын 300 теңге ету керек» деген мәлімдемесінен кейін ғана елге танылған депутат Айқын Қоңыровтан несі кем? Ендеше, онсыз да өз-өзін таратуды сұрап, артынан сол орындарына қайта жайғасатын «түсініксіз» депутаттар арасынан түсініксіз әншіміз де бір орын иеленуге толық құқылы. Яғни, Фейсбук әлеуметтік желісінде айтылып жатқан «Иә, біздің парламент Сайлаубекке сай ғой!» дейтін пікірдің жаны бар.

 

 

Қатысты Мақалалар