ҮКІМЕТ АЛАШОРДАСЫЗ-АҚ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ

/uploads/thumbnail/20170708211916414_small.jpg

Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның биыл аталып өтілетін 150 жылдық мерейтойы жөнінде Үкіметке қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар тарапынан сауал жолдаған болатын. Күні кеше осы мәселені көтеріп жүрген «ақ жолдықтардың» депутаттық сауалына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жауап берді. Жауап берді деп өз өзімізді алдағанымыз болмаса, Үкімет мерейтойға байланысты ештеңе жасамайтынын ашық айтып отыр. Ащы да болса айтайық, Үкімет Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына 1 тиында бөлмейтінін мәлімдеді.

Үкімет өз жауабында қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы 2016 жылы республикалық деңгейде кеңінен атап өтетінін айтады. Алайда, «Қазіргі қаржы-экономикалық ахуалға және бюджеттің қысқартылуына байланысты 2016 жылғы мерейтойлық іс-шараларды өткізуге арналған мақсатты қаржы қаражаты көзделмеген» деп жауап беріпті. Үкіметтің айтуынша, мерейтойлық іс-шаралар мемлекеттік органдардың ағымдағы жұмысы шеңберінде және бюджеттен тыс қаражатты тарту есебінен өткізілетін болады.

Сондай-ақ, 150 жылдықты лайықты атап өту жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы ұсынысты да Үкімет орынсыз деп отыр. Әйтсе де, ұлт көсемінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында мемлекеттік органдарға тарихи тұлғаның мерейтойы құрметіне БАҚ-тарда кеңінен жариялай отырып, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, мәдени-көпшілік және басқа да әлеуметтік маңызды іс-шаралар өткізуге тапсырма берілді.

Бар болғаны – осы. Ал шын мәнісінде, Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы дәл осылай аталып өтілуі керек пе еді? Өйткені, ұлт көсемінің қазақ ұлтына сіңірген еңбегі өлшеусіз еді ғой. Нақтырақ айтсақ, ол 1917 жылдың апақ-сапақ уақытында Алашорда мемлекетін құрып, қазақ шекарасын шегендеп кетті. Егер алашордашылар 1917 жылы мемлекет құрып әрекет етпегенде, біз 1991 жылы тәуелсіздік ала алмас едік.

Бүгінде депутаттардан бастап мемлекет басшысына дейін «Тәуелсіздік ең басты байлығымыз» деп айтып жүр. Ал басты байлыққа жеткізген алашордашыларға деген Үкіметтің құрметі шамалы болып отыр. Оның үстіне, соңғы жылдары Үкімет «Мәңгілік ел» боламыз деп алдына биік мақсат қойып отыр. Ал «Мәңгілік ел» болудың бірден бір жолы – Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарын жас ұрпаққа насихаттау болса керек. Алайда, біздің Үкімет Алашорда қайраткерлерінсіз, олардың мол саяси, ғылыми мұраларынсыз-ақ «Мәңгілік ел» болғысы келеді. Шын мәнісінде, Үкімет 1991 жылдан кейінгі тарихпен «Мәңгілік ел» болғысы келетін сияқты. Егер де Тәуелсіздік жылдарыннан кейінгі тарихпен өсіп өркендейміз десек, қатты қателесеміз. Себебі, тамырын тереңге жібере алмаған бәйтеректі кез келген уақытта жел құлатып кете алады.

Иә, қазіргі таңда еліміз қаржы тапшылығына байланысты қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Осыны ескеріп «Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын биыл атап өтпей-ақ қоялық» дегің келеді. Алайда, Үкімет 6 шілде Астана күнін көл-көсір мейрам етіп атап өтеді ғой. Сонда Алаш арысының мерейтойына табылмаған қаржы «Астана күніне» қайдан табыла кетеді?! Бір қызығы, Үкімет осы мереке үшін қаржы табады да, Әлихан Бөкейханның мерейтойына келгенде үнемшіл бола қалады. Егер де біз шын мәнісінде қаржылық қиындықта отырсақ, үнемшілдікке шындап көшетін болсақ, осы Астана күні сынды мерекелерді жалаулатып тойлаудан бас тарта тұрсақ қайтеді?

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана

 

Қатысты Мақалалар