2016 жылдың 22 қаңтарында әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ-дың Шығыстану факультетінде факультет түлегі, «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-ның ҚХР мен Оңтүстік Шығыс Азия елдері өкілдігінің жетекшісі, ғалым Аманжол Ибрагимовтың халықаралық жүк тасымалы саласына арналған орыс-қытай сөздігі анықтамалығының тұсаукесері болды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті шығыстану факультетінің бұрыннан қалыптасқан ізгі дәстүрлерінің бірі – студентттер мен магистранттарға жан –жақты білім берумен қатар адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттер, ана тіліне, туған жерге, салт-дәстүрлеріміз бен әдет –ғұрыптарымызға деген махаббат сезімін ұялату. Себебі білім беру мен тәрбиенің негізгі міндеті - өз елінің азаматы, патриотын тәрбиелеу болса, осыған сәйкес «қазақстандық патриотизм мен ұлттық патриотизм» студенттердің тәрбиелік деңгейін бағалудағы ең жоғарғыкөрсеткіштердіңбірі болып табылады. Осы бағытта біздің қытайтану кафедрасыны ұжымы биылғы оқу жылының басынан-ақ еліміздегі белді ғалымдар, қоғам және мәдениет қайраткерлерімен кездесу өткізуде. Ізгілікке толы сондай жақын кездесулердің бірі - 2016 жылдың 22 қаңтарында факультетіміздің түлегі, «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-ның ҚХР мен Оңтүстік Шығыс Азия елдері өкілдігінің жетекшісіАманжол Ибрагимовпен болған кездесу еді. Бұл өткізіліп отырған шараның және де бір мақсаты- кафедра түлектерін жұмыспен қамту мақсатында шетелдеқызмет етіп жатқан отандық компаниялардың өкілдерімен кездестіру, олардың жұмысқа қабылдау тәртібімен талаптарын таныстыру. Халықаралық жүк тасымалы саласына арналған орыс-қытай сөздігі анықтамалығының оқу үдерісінде және жұмыста қолдану құндылығымен таныстыру.
Ғылым мен кәсібін бірдей ұштастыра білген замандасымыз- Аманжол Ибрагимов халықаралық жүк тасымалы саласына арналған орыс-қытай сөздігі анықтамалығының тұсаукесерін де өзі оқып білім нәрімен сусындаған қара шаңырағы- әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ-дың Шығыстану факультетінде өткізуінің өзі де көңілге нұр ұялатады.Қазақ – кең жазира даласындай дарқан мінезі,бауырмалдылығы көзінде тұнып тұрған, жүрегінен көрініп тұрған, ұлтжандығы ішінде ұйып жатқан кең халық. Қазіргі таңда бүкіл білім беру жүйесі арқылы осы қасиеттерді жарқырата отырып сыртқа шығарып, жоғарғы дәрежеге көтеру қажет, ол үшін сапалы патриоттық тәрбие керек. Бұл сырттан ғана келетін әсер емес, тереңнен өрбитін, қалыптасатын асылқасиет. Ол қазақ менталитетінің сандаған ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан халыққа тән сана-сезіммен, өзіндік таныммен келген ойлау нәтижесі.Мұндай асыл қасиеттерді жастарымыздың бойына тереңінен қалыптастыруда еліміздегі белді қайраткерлермен кездесу өткізіп, салиқалы сұқбат ұйымдастырудың маңызы зор деп білеміз.
Қытайтану кафедрасының арнайы қонағы болған түлегіміз – А.Ибрагимов студенттер мен магистранттарға өз өмірі мен еңбек жолы, университет қабырғасында өткен студеттік өмірі турасында қысқаша тоқталып өтіп, халықаралық жүк тасымалы саласына арналған орыс-қытай сөздігі анықтамалығының оқу үдерісінде және жұмыста қолдану құндылығымен таныстырып өтті. Сондай-ақ А. Ибрагимов қазіргі таңда еліміздегі үш түрлі көкейкесті мәселені көтеріп өтеді - ана тілінің деңгейін көтеру, бәсекелестіктің асау тегеурініне төтеп бере алатын жоғарғы деңгейдегі кәсіби маман даярлау және жастар бойында ұлтжандылық қасиеттерді болашақ ұрпақ бойына терең сіңіру. « Біздің тарихымыз туралы құнды деректер қытай тіліндегі жазбаларда көп сақталған, сондықтан біз көршілес жатқан халықтың тілін жатық меңгеріп, өз тарихымыз туралы мәліметтерді тек шетел ғалымдарының еңбектері арқылы ғана емес, өз мүмкіндіктерімізді, білімімізді пайдалана отырып, тікелей аударма жасау арқылы зерттеуіміз керек. Алайда өзге ұлттың тілін де жетік меңгеру үшін,ең алдымен төл тілімізді құрметтеп, туған тіліміздің мәртебесін жоғары ұстауымыз керек, өз мәдениетімізді, дәстүрімізді құрметтеуіміз керек»- деп баса көсетті. Аманжол Ибрагимов қиындығы мен қызығы қатар жүретін аудармашылық қызмет туралы,жоғарғы білікті аудармашының қандай қасиеттеді өз бойына сіңіру керектігі жөнінде сыр шертті. Әр маманның өз саласын шебер меңгеруі нәтижесінде қоғамымыздың гүлдене түсетініне ерекше тоқталып өтіп, студенттер мен магистранттарды өз ісінің білікті маманы болуға әрі өз елінің ұлтжанды азаматы болуға шақырды. Өзінініңжүк тасымалы саласына арналған орыс-қытай сөздігі анықтамалығының тұсаукесерінде сексен сөздікті студенттер мен оқытушыларға сыйға тартты. Кездесу барысында студенттер мен магистранттар көкейде жүрген сұрақтар мен сауалдарын қойып отырды, соңында А.Ибрагимов өзі жазған« Студенттерге» деп аталатын өлең шумақтарымен кездесуді әдемі аяқтады. Мұндай іс-шаралардың бәрі келешек жас ұрпақты патриоттық және интернационалдық рухта тәрбиелеудің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Осындай іс –шараларды өткізуде факультет деканы, профессор Жұбатова Баян Нұрсұлтанқызы және қытайтану кафедрасының меңгерушісі профессор Нәбижан Мұқаметханұлы әрдайым жан-жақты қолдау көрсеттіп отырады.Қазақстан Республикасының білім беру жаңа бағдарламасында, қоғамның, бүгінгі күнгі талабы алдағы уақытта да әрбір адамды Отанын сүюге, туған жерін құрметтеуге, ата-бабаның озық салт-дәстүрлерінің құндылығын мақтаныш тұтуға, әлемде халықтар арасындағы бейбітшілік үшін достықты нығайтуға бағыт беруде талмай еңбек етуді қажет санайды. Осындай бағыттарды шебер ұштастыра отырып, біздің шығыстану факультеті әрі қарайғы ізгілік пен тағылымға толы іс –шаралар аясын ұлғайтып, қоғам өмірінің кемелдене түсуіне тамшыдай болса да өз үлестерін қосып келеді. Сөз соңында жастарымыздың рухани әлемін асқақтатуға септігін тигізетін мұндай игілікті іс-шаралар көбейе берсе екен деп тілеймін.
Аида Кенжебаева
Әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының доценті