Кешегі демалыстарда біраз ақша айырбастау орындарында шетелдік валюта сатылғанымен теңге болмай біраз жұрт әбігерге түсті. Бұл жағдай дүйсенбі күні де сақталды. Теңге таппай тарыққандардың бір бөлігі «Шынымен де ұлттық валюта күшеюге бет алған екен. Мынау сол долларсызданудың алғашқы қадамы болар» деген ойға қалды. Яғни, елдің бір бөлігі доллардың дәурені осымен бітті деген тоқтамға келсе, біразымыз мұнай бағасына қарап мұндай асығыс шешімге бармадық. Осы мәселеге орай қазақстандық экономист Олжас Құдайбергенов те Фейсбук әлеуметтік желісінде пікір білдірді. Оның айтуынша, бүгінгі теңге бағамына қатысты әңгімелердің барлығы дерлік белгілі бір экономика заңдылығына негізделген, сарапталған пікірлер емес көрінеді. Саяси сипаттағы болжамдардан да абай болған жөн. Экономист бұдан былайғы валюта бағамының қалай қалыптасатынын толық түсіну үшін негізгі 5 фактордың динамикасын назарда ұстау керек деп санайды.

Біріншіден, әрине мұнай бағасы басты назарда болады. Сарапшылардың басым бөлігі қара алтын бағасының құлдырауы осы жылдың алғашқы тоқсанында тоқтайды деп отыр.
«Бұл жерде де екі пікір қалыптасады. Яғни, шикізат бағасының құлдырауы тоқтап, баға сол деңгейде біразға дейін сақталады дейтіндермен қатар, құлдыраған бағаның кері көтерілетініне үміт артатындар да бар. мұнай бағасы алдағы уақытта көтеріледі дейтіндердің сөзінің жаны бар. Бұлай деуімізге жақын болашақта әлем экономикасы қарқынының өсуінің күтілуі, ОПЕк ұйымының наурыз айында жиын өткізуді жоспарлауы, ұйымға мүше емес елдердегі мұнай өндірісінің қысқаруы сияқты бірнеше жағдайлар негіз бола алады», - дейді экономист. О. Құдайбергенов мұнай бағасының төмендеуінің тоқтауы теңге үшін де, рубль үшін де маңызды болмақ. Ал, қара алтынның құнсыздануы одан әрі жалғасады дейтін болжамға сенімсіздікпен қарайтынын айтады.
«Екінші фактор – біздің төлем теңгеріміміз. 2015 жылы мұнайдың орташа бағасы 52 доллар болды. Қазақстанның экспорты 46, импорты 31 миллиард долларды құрады. 15 миллиард долларлық айырманың 5 миллиарды қызметтер импортына жұмсалса, тағы 3-5 миллиарды капиталды шығаруға кетті. Қалған 8-10 миллиард сыртқы қарыздарға жұмсалуы керек болатын. Былтыр бұл көрсеткіш 18 млрд долларды құрады. Айырмасы резервтен төленді. Ал, биыл мұнайдың орташа бағасы 35 доллар болады десек, экспорттан түсетін кіріс 34 миллиардқа дейін кемиді (шикізаттық емес экспорт та азаяды). Импорттың қаншалықты қысқаратыны белгісіз? Ол онсыз да 2013 жылғы 49 миллиард долларлық межеден 2015 жылы 31 миллиардқа дейін азайды. Одан арғы кему қолданыстағы жобалар инвестициясының да, мысалы, 20 пайызға, 25 миллиард долларға төмендеуін білдіреді. Яғни, 34-25= $9 млрд. Бұған қоса, қызметтер импорты мен капиталды шығару бар. Олар сәйкесінше 4 және 3 млрд долларға азаюы ықтимал. Нәтижесінде таза валютаның сыртқа кетуі 15 миллиард долларды құрайды. Осы сыртқа кеткен 15 млрд –қа сұраныс валюта бағамына қысым жасайтын болады. Яғни, мұнай бағасы 35 доллар деңгейінде сақталғанымен, теңге бағамына қысым азаймайды.
Үшінші фактор – долларыздандыру саясатының нәтижесі. Бұл саясат егер депозитарларға бағамдық айырмаға байланысты кепілдік берілсе тиімді болады. Теңгелік және валюталық депозиттер мөлшерлемелерінің айырмасын кеңейту шаралары тек қосымша шара ретінде болмаса, негізгі жұмыс болмауы керек. Долларсыздану жағдайында валюталық айырманы елдің қорын қысқартпай жабуға қаражат жетер еді.
Төртінші фактор – рубль. Рубль бүгінде мұнай бағасына байланып отыр. Бесінші фактор ретінде ел ішіндегң инфляцияны айтуға болады. Егер девальвацияға дейін бірқатар қолдаушылар тарапынан 330-360 теңге көлемінде жоспарланса, енді қазіргі және мұнай бағасы артқан жағдайдағы инфляция деңгейіне сай қайта қаралуы керек», - дейді О. Құдайбергенов.
Сондай-ақ, сарапшы алдағы сайлауға байланысты билік уақытша болса да бағаны барынша ұстап тұруға бағытталған шараларды қолға алуы мүмкін екенін айтады.
О. Құдайбергеновтың пікірінше, бүгінде валюта бағамы билікке деген халық сенімінің термометрі болып отыр.
«Егер Мәжіліске халық сенетін, билікке сенім мен нақты проблемаларды шешуге ұмтылысты үйлестіре алатын азаматтар өтсе, бұл бағыттағы жұмыстар біршама жеңілдеген болар еді. Мәжіліс бұл сайлауда қатты жаңаруы мүмкін, тек сол жаңару сапалы болса деп тілейік», - дейді ол.
Экономистің бұл айтқандарының барлығы бүгінгі экономикалық ахуалды дәлме-дәл сипаттайды деуге келмес, әрине. Алайда, қалыптасқан бұл қиындықтардан шығудың жолын ұсынған кез-келген пікір маңызды. Ресми билік тарапынан айтылып жататын постфактум мәлімдемелерден миы ашыған былайғы жұрт үшін тіпті құнды.
Жомарт Абдоллаұлы