Республика бойынша сайлау жайында ақпарат беретін 757 билборд орнатылып жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының жұмыс кеңесі барысында комиссия мүшесі Ләззат Сүлеймен мәлім етті, - деп хабарлайды "Қамшы" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Көрнекі ақпарат ретінде 757 билбордты орналастыру жөнінде ҚР ОСК төрағасының шешімі шыққан болатын. Оның бірінші кезеңін Астана мен Алматы, сонымен қатар облыс орталықтарында орналастырып болып қалдық. Ондағы ақпараттар сайлаушыларға сайлаудың қай күні өтетіндігінен мәлімет береді. Бұл билбордтарды «Сайлауда өз таңдауыңды жаса!» деген ұранмен дайындап отырмыз. Жұмыстар жалғасын табады», - деді Л.Сүлеймен.
Кеңес барысында ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Л.Сүлейменнен аталған билбордтардың қашан толығымен ілініп бітетінін сұрады.
«Бұл бағытта біз қазір жұмыс жасап жатырмыз. Мүмкіндігінше, 2-3 күннің ішінде республика бойынша толығымен аяқтаймыз», - деп жауап берді Л.Сүлеймен.