Ақтөбеде алғаш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды

/uploads/thumbnail/20170708212457303_small.JPG

Бүгін Ақтөбеде алғаш рет бауыр алмастырылды. Цирроз дертіне шалдыққан 38 жастағы ақтөбелік әйелге туған інісі донор болуға келісімін берген, - деп хабарлайды "Қамшы" порталы Керек-инфоға сілтеме жасап. 
Күрделі ота жеті сағатқа созылды. Оны оңтүстік кореялық хирургтар ақтөбелік дәрігерлермен бірлесіп жасады. Мұндай операция Ақтөбеде бұрын соңды жасалған емес. Сондықтан отаға медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев те қатысқан. 
- Пациент бірнеше жылдан бері бауыр циррозымен ауырады. Егер уақытылы ота жасалмаса, арты өліммен аяқталуы да мүмкін еді.Әпкесіне бауырының жартысын беруге 26 жастағы інісі келіскен болатын. Одан алынған ішкі ағза 1 жылдың шамасында қайтадан қалпына келеді, -дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Бүгінде Ақтөбе облысында 60 адам бауырын алмастыру үшін кезекте тұр. Бұдан өзге 128 емделушінің бүйрегіне трансплантация жасалуы керек. Алайда, науқасқа сәйкес келетін донор табу қиын. Сол себепті ақтөбелік дәрігерлер жақын арада мәйіт донорлығын қолға алмақ. 
Ақтөбелік дәрігерлер биылдан бастап шетелдік мамандардың қатысуынсыз бауырға трасплатация жасауды жоспарлап отыр. Ота республикалық бюджет есебінен тегін жасалады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар