Жалпыұлттық социал-демократиялық партия құрамында тағы да бір шу шығатын секілді. Тәуелсіз басылым «Трибуна» газетінде партияның Қызылорда қаласында тұратын Абдулла Шаханов есімді мүшесінің ЖСДП жетекшісін сынға алған үндеуі жарияланды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Партия мүшесі үндеуінде қалалық филиал басшылығы партияның жарғысына сай әрекет етпей отыр деп шағымданады. Оның айтуынша, филиал жетекшілері партия съезіне делегаттарды ашық және әділ жолмен сайламаған көрінеді.
«Бұл партияның сайлауға қатыспақ ойы бар екенінен хабардар боларсыздар. Оны алдағы болар съезде шешеміз дегенді білдіргісі келеді халыққа. Жарғы бойынша солай ғой және ол съезге делегаттар облыстық конференцияда сайлануға тиіс болатын. Алдау да осы жерде көрініс тапты. Конференцияның шақырылғаны жөнінде филиалдың басшылығы болып саналатын Кеңес мүшелеріне, не болмаса, Төралқаға хабарланбай, жасырын және жалған өткізбекші болғаны әшкере болды. Қаңтардың 24-і күні, сол жалғандықтың үстінен түстік. Алты айдан бері ашылмаған, филиалдың кеңсесі болуы мүмкін деген, бір кафеге жалға берілген ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Т.Рахимовтың жеке-меншік ғимаратының есігі ашық тұрғанын көріп, бас сұққанбыз. Сондағы көргеніміз – көпшілігі бізге таныс емес, бас-аяғы онға толмайтын кісілер отыр екен. Шынында да жиналыс өткізбекші сиықтарын көріп, шығып кеттік. Бір ауданнан үш кісі қатысып отыр, тағы бір ауданнан – бір кісі, қалған бес ауданнан ешкім жоқ. Үш кісі қатысатын аудан – төрағаның міндетін атқарушы кісінің туған өлкесі. Ол кісінің тағы екі туысын көрдік. Сонда өзінің оншақты туыс-тамырларымен партияның облыстық конференциясын өткіздім деп кімді алдамақшы? Партияның белсенділері, байырғы мүшелері, басшы құрамы, аудан, қала өкілдері қайда? Олардан бастық неге жасырынады? Бұл өз алдына әңгіме. Бүгінгі айтпағымыз, әлгі туыстары мен “тамырлары” “бастықты” туған құдашасымен екеуін съезге делегат етіп жіберді. Бұл кісілер соның өзімен-ақ өздері тұрмақ, партияның съезін де жалғанға шығарған жоқ па? Ендеше, бұған жол бермейік», - деген үндеу иесі мұндай құйтырқылыққа партия жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың да қатысы бар деген күдігін айтады.
«Біз бұл хабарламаны Жармахан Тұяқбай мырзаның өзіне тікелей жіберуімізге де болар еді, бірақ олай етпедік. Себебі, мұның алдында, осы тәріздес, партияның Жарғысына сай емес жөнсіздіктер туралы жазған бірнеше хаттарымыз ол кісімен қараусыз қалдырылған болатын. Бұл жолы да солай бола ма деген қауіппен, қалың көпшілік арқылы жеткізуді жөн көрдік. Бір жағынан, осы жөнсіздіктердің басында Жармахан Тұяқбай мырзаның өзі отыр деп санаймыз. Мұндай басшылармен сайлауға түсіп не береке болмақ? Сондықтан, мен партиялас әріптестерімді сайлауға Жармахан Тұяқбайсыз баруға шақырамын. Ол үшін осы алдағы съезде осы мәселені көтеріп, шешіп алу керек. Одан бергі жерде еш нәтиже болмайды. Болған күнде де қолдан бүлдіріледі. Мен мұны өткен күндердің тәжірибесіне сүйеніп айтамын», - дейді Абдулла Шаханов.