Шығыс Қазақстан облысында республикалық және жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеу мәселесіне байланысты арнайы кеңес өтті. Ағымдағы жылы облыстық маңыздағы 226 шақырым және республикалық маңыздағы 108 шақырым жолдарда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатта 5 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылуда, - деп хабарлайды "Қамшы" порталы.
Жөнделуге тиіс жолдар тізімі бекітілген кеңес облыс әкімі Даниал Ахметовтың төрағалығымен өтті.
Биылғы жылы әр түрлі технологияларды қолдана отырып, жалпы қашықтығы 30 шақырым болатын Өскемен – Семей тас жолының екі учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз тас жолының 78 шақырымы жөнделеді. Жаз кезінде облыс әкімі Аягөзден Тарбағатай ауданының аудан орталығына дейін автокөлікпен барып, жолдың жағдайын өз көзімен көріп қайтқан болатын.
Айта кету керек, аталған автомобиль жолын жөндеуден өткізген соң, Аягөзбен Ақсуат аралығындағы жол екі есеге қысқарып, көлік қатынасы тәулігіне 200-ден - 1500 автокөлікке дейін көбейеді деп күтілуде.
Қазіргі күні тас жолдың жағдайы өте нашар болуына байланысты, көлік жүргізушілер Аягөзден Ақсуатқа жету үшін, Алматы – Өскемен республикалық тас жолымен Қалбатау ауылы арқылы артық 200 шақырымды жүріп өтуге мәжбүр.
Сонымен қатар, 2016 жылы облыстық маңыздағы қашықтығы 80 шақырымнан астам Өскемен – Сібе өзені автомобиль жолдарын орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, арнайы құрылған жұмыс тобы жергілікті жолдарда орташа жөндеу жұмыстарын өткізуге байланысты әрекет етуде.