Сәкен Майғазиев пен Нұрлан Абдуллин "Қазақ елі" анимациялық фильмнің әндерін орындады (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170708212544944_small.JPG

«Қазақ елі» анимациялық фильмінде әндерді орындауға Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев сынды танымал әншілер тартылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында фильмнің бас продюссері Сәбит Әбдіқалықов мәлім етті, - деп хабарлайды "Қамшы" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазір прокаттың алдында орыс тілінде дыбыстау шаралары жүргізілуде. Негізі қазақ тіліндегі нұсқасы толық дайын»,-деді бас продюссер.

Оның сөзіне қарағанда, жалпы дыбыстау жұмыстарына Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының актерлері атсалысты. «Ішінде әндерді орындауға Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев сияқты әншілер тартылды»,-деді Сәбит Әбдіқалықов.

Анимациялық фильмнің еліміздің кинотеатрларындағы ресми прокаты  наурыз айына жоспарланған. «Сақ» киностудиясы фильмнің хронометражы 75 минуттық  толықметражды нұсқасын дайындады. Айта кетейік, Қазақстан аниматорлары сапалы анимациялық лентаны шетел мультфильмдеріне қарағанда 60 есе арзан бюджетпен жасап шығарды. Фильмнің директоры  Нуриддин Паттеевтің айтуынша, картинаның бюджеті 375 млн. теңгені құрады.

Фильмнің тарихи кеңесшісі - тарих ғалымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбай. Фильмнің әдеби кеңесші - Дулат Исабеков, режиссері - Батырхан Дәуренбеков, сценарисі - Сағаділдә Үсібәлиев, Бақытжан Құлжабай, композиторы - Руслан Шынықұлов, қоюшы суретшісі - Азамат Ерназаров, фильмнің директоры - Нуриддин Паттеев, бас продюссері - Сәбит Әбдіқалықов.

Фильмдегі оқиға желісі Керей мен Жәнібектің бала кездерінен бастап есейіп, ержетіп, ел басқарып, Қазақ хандығын құрғанға дейінгі аралықты қамтиды. Фильмнің мақсаты балалардың өз тарихын түсінуіне, Керей мен Жәнібектей батырлардың қазақ хандығын қалай құрғанын біліп, соларға еліктеуге, өз елінің патриоты болып өсулеріне жол ашу болып табылады. 

Қатысты Мақалалар