Бүгін Байқоңырдан кезекті Протон зымыраны ұшырылды. Осыған орай "Антигептил" азаматтық қозғалысы астаналықтардың арасында "Біз гептилге қарсымыз, ал Сіз өз таңдауыңызды жасаңыз!" атты арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізуді бастады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Сауалнамада негізінен "Сіз "Антигептил" қозғалысының улы гептилмен ұшатын Протон зымыранын тоқтату туралы бастамасын қолдайсыз ба?" және "Вы "за" или "против" запусков Протона ядовитом топливе Гептил?" деген екі сұрақ қойылды.
«Осы уақытқа дейін сауалнамаға қатысқан 48 адамның ішінде 47 адам Протон зымыранының ұшырылуына қарсы екенін, 1 адам қолдайтынын білдірген. Ал, 48 адамның ішінде 44 азамат "Антигептил" қозғалысының бастамасын қолдайтынын, 2 адам қарсы екенін, 2 адам жауап беруден бас тартатынын айтқан. Сөйтіп, астаналық азаматтар Протон зымыранын ұшыру, гептил отынын пайдалану туралы ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАДЫ. Сауалнама одан әрі жалғасуда. Сауалнама әлеуметтік желілерде де жалғасатын болады» дейді қозғалыс таратқан хабарламада.