Партиялық тізім бойынша Мәжіліс депутаттарын сайлау азаматтардың конституциялық құқығын бұзады

/uploads/thumbnail/20170708212826025_small.jpg

Ең жоғары заңды күші бар және республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылатын ҚР Конституциясының 3-бабында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екендігі және халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асыратыны көрсетілген.

Кезекті кезектен тыс Мәжіліс сайлауы өткелі жатқандықтан еркін сайлау арқылы халықтың өз билігін қалай жүргізе алатындығы, нақтырақ айтсақ 6 млн. қазақстандықтың бұл құқығының қалай бұзылып отырғандығы туралы аз-кем сөз етейік.  

Аталған Конституцияның 33- бабының 2-тармағы бойынша Қазақстан  азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға құқығы бар.

Алайда, бұл Конституциялық норма   ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 87-бабы арқылы өрескел бұзылып тұр. Былайша айтқанда Қазақстан Республикасы азаматының мемлекеттік органдарға, оның ішінде Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайлану құқығы бұзылып, шектеліп тұр.

Неге дейсіз бе?

Аталған заңның  «Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну» атты  87-бабының 1-тармағында «Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы - белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға қатысты Ассамблея Кеңесіне тиесілі» деп жазылып тұр.

Енді қараңыз, ең ірі деген билік партиясы «Нұр отанның» өзінде әртүрлі ақпарат көздерінің дерегі бойынша 800-850 мың мүшесі бар. Тіпті 1 миллионға жақындады дейік. «Ақ жол» партиясында 180-200 мың, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының мүшелер саны 90 мыңнан әзер асады екен. Ал Қазақстан халқы ассамблеясында қанша мүше бар екені тіпті белгісіз.

Сонда 5-шақырылымда Парламент Мәжілісіне енген үш партияның және Ассамблеяның мүшелер санын қоссақ 1,3-1,5 млн. адамды құрайды. Болжам бойынша барлық партияларда 2 млн. мүше бар дейік. Ал, елімізде сайлауға және сайлануға құқығы бар азаматтардың саны 8 млн. адамнан асатынын ескерсек, 6 млн. адамның Конституциялық құқығы бұзылған болып шығады. 

Енді Конституцияның ең жоғары заңды күші барын,  оның еліміздің бүкіл аумағында тікелей қолданылатын ескерсек және ҚР «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңының 5-бабының  2-тармағында «Мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарына және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн құқықтық актiлерi қабылданған кезiнен бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиiс» деп көрсетілгенін назарға алсақ, ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңы оның 87-бабының кесірінен жарамсыз болып шығады және ол еш жерде қолданылмауы тиіс.

Бұдан шығатын қорытынды біз осы уақытқа дейін Парламент Мәжілісінің депутаттарын партиялық тізіммен заңсыз сайлап келдік және ол заңсыздықты одан әрі жалғастырмақшымыз. 

Бұл құқықтық коллапстан шығудың бірден бір жолы заңсыз құрылып, виртуалды билік тармағына айналған Қазақстан халқы ассамблеясын депутат сайлау құқығынан айырып, Мәжіліс сайлауын 50% партиялық тізіммен, 50% жеке сайлау округтары арқылы, яғни мажоритарлы жүйемен сайлауды заңмен енгізу керек.

Десек те, Парламент Мәжілісінің 6-шақырылымдағы депутаттарын біз тағы да заңсыз сайлайық деп тұрған сияқтымыз...

Мақсат Ілиясұлы, заңгер

 

 

Қатысты Мақалалар