Шымкентте күштік құрылымдар өткізген арнайы операция барысында бизнесмен Тоқтар Төлешов тұтқындалды. Одан қару-жарақ пен есірткі, түрлі кітаптар тәркіленген, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментіне сілтеме жасап.
Кеше таңертең Шымкенттегі «Риксос Хадиша Шымкент» қонақ үйі, «Шымкент сырасы» компаниясының кеңсесі мен оның қожайынының үйі өоршауға алынған болатын. Қонақ үй алдында кәсіпкерің оққағарлары мінген көлік тоқтатылып, одан бірнеше қару салынған сөмке тәркіленген.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында ІІМ қызметкерлері төрт адамды тұтқындады. Олардың жұмыс орындары мен үйлерін сот рұқсатымен тінту кезінде отты қару, есірткі заттары мен кітаптар тәркіленді. Қазір сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүруде», - делінген ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті таратқан хабарламада. Ұсталғандардың ішінде белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешов те бар.
Кәсіпкер Т. Төлешов бизнеспен қатар, қоғамдық қызметпен де белсенді айналысып келген. Ол РФ-да орналасқан «Лаңкестік қатерлерді талдау орталығының» Қазақстандағы өкілдігін басқарған. Сондай-ақ, ол РФ Мемлекеттік думасының экономикалық әріптестік, дін және үкіметтік емес ұйымдар бойынша кеңесшісі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Халықаралық журналистер одағы мен Ресей журналистер одағының мүшесі болған, бірнеше мемлекеттік нагрдалармен марапатталған.