Алматылықтар Алатаудағы Фурманов шыңына Әлихан Бөкейханұлының атын беруді ұсынды. Алатаудың биіктігі 3000 метр болатын шыңын бағындырған «Сапалы қазақ» қоғамының 100-ге жуық мүшесі шың басында тұрып видеоұсыныс тастады.
Салауатты өмір салты мен ерік-жігерді шыңдауға бағытталған шара Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдың мерейтойына арналды, - деп хабарлайды "Қамшы" порталы.
«Биыл Әлихан Бөкейханов бабамыздың туғанына 150 жыл толып отыр. Ол кісінің қазақ еліне сіңірген еңбегі орасан. Сондықтан Алатаудың бір шыңын Әлихан Бөкейханұлының атымен атасақ деген ұсыныс тастаймыз. Төменде бұл шыңға жете алмай қалған 100-ге жуық адам бар. Әлеуметтік желіде бұл ұсынысты қолдаған Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 5000 адам бар. Барлығымыздың тілегіміз бір. Қазақтың ұлылары қазақ Алатауының шыңдарының атауына әбден лайық деп санаймыз», - деді «Сапалы қазақ» қоғамының негізін қалаушы, бизнесмен, алғашқы қазақ тіліндегі «Бизнес бастау» мектебінің жетекшісі Ахметбек Нұрсила.
Белсенділер енді аталған ұсынысты ономастикалық комитетке тапсырмақшы.
Айта кету керек, аталған қоғам мүшелері үшін әр аптаның жексенбісінде Медеу шатқалында жиналып, тауға шығу дәстүрге айналған. Айына бір рет қатысушылар арасында ең бірінші болып шыңға шыққан адамға арнайы сыйлықтар таратылады.
Олардың бастамасы Фейсбук қолданушыларының арасында үлкен қызығушылық туғызып жатыр. Қазірдің өзінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп қатарға қосылып жатқандар көп.