Қазағымызда ұлт рухының аспандап, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің қайта жаңғыруы үшін жан салып жан беріскен, өткір тілімен кесіп айтатын сұңғыла мінезді сайыпқырандарымыз жетерлік. Міне, сондай ұлт жанашырларының бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Махамбет» сыйлығының лауреаты, жазушы, драматург – Рахымжан Отарбаев.
Сіздердің назарларыңызға көкірегіңіздің кең сарайын ашып, көңіліңізге қорғасындай ауыр ой салар деген ниетпен жазушымен болған мына бір салихалы сұхбатты ұсынып отырмыз. Бұл сұхбат «Хабар» арнасы түсірген «Көзқарас» бағдарламасынан ықшамдалып алынды. Сұхбатты жүргізген Ирак Елекеев болатын.
Шығармаларыңыз қазақ емес, шетелдік оқырмандар да қызыға оқитын кітапқа айналды. Қаламгер Рахымжанның басқа жазушылардан ерекшелігі неде?
Мұны ерекшелік десек, Ирак аға, ол басқа үлкен-үлкен қаламгерлердің көңіліне тиіп қалар. Алдымен айтайын дегенім, бір кездері Махамбет жөнінде «Бас» деген роман жаздым. Ол роман бұрынырақ мүлде өзгеше еді. Оны өртедім мен. Неге десеңіз, архивте он бір ай отырған кезімде, Мәскеудің, Омбының, Астраханның архивтерінен көптеген материалдар алып қарасам, Махамбет пен Исатайды қисынсыз көзқараспен бөлекше алып кеткен екем. Неге десеңіз, Жәңгірді бір ауыз сөзбен, атап айтсам «Хан емессің, қасқырсың» деп жаза беріппін. Ал хан – елдің басын қосқан үлкен тұлға еді, би – бітімшісі еді, батыр – қорғаны еді. Сондықтан да обал сауапты аттап кеткендей күй кештім. Жанартаудай жалын атқан Жәңгір хан өз заманында мектеп те ашты, түрлі зерттеулер де ұйымдастырды, аурухана да ұстады, ұлттық банкісі де болды, 1841 жылы мектеп те аштырды, бір сөзбен айтқанда, жасамаған жақсылығы жоқ. Әу бастан-ақ толық танып алмай, басқа арнаға бұрылып кеткеніме қынжылғаным да бар.
Ойланып-толғанып, романды қайтадан жазуға кірістім. Менің шығармаларым құрмалас сөйлемдерден, түсінуге қиын тіркестерден құралған еді. Осы жолғы шығарманы мейілінше ашық қылып жазуға, нақтырақ жазуға тырыстым. Қазір, Құдайға шікір, көптеген тілдерге аударылып, әлемнің түпкір-түпкіріне тарап жатыр.
Бүгінгі әдебиеттің қоғамды тәрбиелеуге ықпалы қаншалықты деп ойлайсыз?
Бұл енді үлкен сұрақ, Ирак аға. Ол айта берсе таусылмайтын тақырып. Жалпы, қай заманда да материалдық игілік «культке» айналмауы керек. Рухани игілік қана «культке» айналу керек. Саясат орнын табады, экономика «Құдайға шүкір» болады, егер біз әдебиетімізді, мәдениетімізді, өнерімізді өгейсітсек, кейінгі қатарға қойсақ, тобырға айналамыз. Қарын тоқ, көңіл тоқ, немене... Өмірі кітап оқымайтын біреуге менің өкпелегенім бар еді. Айттым: «Әй, шырағым-ай, сенің ішіңді жарып жіберсе, басы бүтін екі әріп түспейді ғой», - дедім.
Менің кей отырыстарда отыра алмайтын себебім - біреу өзіне салған коттеджін, баласына алған пәтерін, астына «пепілдетіп» мінген джибін, шет елге барып демалғанын айтады. Айналайын-ау, төрт емшегімен алдап ит те күшігінің көзін аштырады ғой. Біз басқаша деңгейге қашан шығамыз? Егер бір коттедж бен бір джип үшін өмір сүретін болсам, маған ондай өмірдің атасына нәлет деймін! Бір кітап оқыдың ба, бір жақсы суретшінің суретін көрдің бе, бір мағыналы кино дүниеге келіп пе? Осындай отырыста неге соны айтпаймыз? Ішіп-жеп, тойып болдық емес пе?
Шын мәнінде, рухани байлық – адамзаттың ұлы ұстазы. Ол қараңғылық басқан санаға сәуле түсіреді. Содан айырылғымыз келмейді ғой. Шамамыз келгенше, асфальт басып өскен, саудамен көз ашқан кейінгі ұрпақтың жүрегін жібіткіміз келеді. Ұлт руханиятына қызмет ететін көкірегі ояу, көзі ашық жастарды тәрбиелегіміз келеді. Қолына кітап ұстатқымыз келеді. Ал кітап деген – қасиетті дүние. Мына «айпадпен», компьютермен қайда барасыз? Бүкіл әлемді жаратушы Алланың өзі адамзаттың қолтығына төрт кітапты қыстыртып кетпеді ме?
Қорыта келгенде, рухани байлық пен кітаптың қасиеттілігін дәріптеп, жан тазалығын, ар тазалығын ұмытпайықшы дегім келеді.
Көптен бері ойыңызда жүрген, айтылмай қалған пікіріңіз немесе ұсынысыңыз болса...
Бір-екі нәрсе айтайын. Біз осыған дейін бес-алты жыл бұрын жаһандасу, ғаламдасу дедік. Қазір кішкене ол ұраннан айырыла бастадық. О баста-ақ бұл пікірге қарсы болдым. Ол жаңалық емес еді дүниеде. Жаһандасу – Қытайдан анау Римге дейін созылып жатқан Ұлы Жібек жолынан басталып еді. Бүкіл мәдениет, сауда, өркениет сол көшпен ғаламдасып еді ғой. Енді біз оны жаңа тапқандай боламыз. Шын мәнінде, қазіргі ғаламдасу, жаһандасу деген – қазақ үшін қауіп. Сор болып кетуі мүмкін. Неге десеңіз, біз өзіміздің қазақы дәстүріміз, салтымыз, бояуымыз, болмысымыз, бүкіл қастерлі құндылығымыздан алшақтап қалуымыз мүмкін. Тіпті одан айырып та жатырмыз. Асылы, қазаққа ғаламдасайын деп, жаһандасайын деп құшағын ашып отырған ел жоқ. Біз онсыз да дінге келгенде дүбәрә болып қалдық, тілге келгенде енді ғана түзеліп келеміз. Осыларды әбден орнықтырып, түзетіп алмай, қайдағы ғаламдасу бізге? Кімге құшағымызды ашамыз? Қазіргі алмағайып кезеңде ағайын елдердің, көршілес елдердің тыныштығы бұзылып, бір халық екіге айырылып, бастан жақ айырылып жатқан жоқ па? Сондықтан осындай бір әсіре ұраннан, әсіре әуестіктен аулақ болғанымыз жөн.
Англосаксондардың талмай қайталайтын «демоктария», «еркіндік» дейтін ертегісі бар. Егер осы ертегіге сенетін болсақ, көрші елдердің басына соғылған қоңырау – біздің елге де соғылуы мүмін. Осыдан сақ болуымыз қажет. Демократия деген – аяғың барған жерге дейін жүру деген сөз емес, ауызың кепкенге дейін сөйле деген сөз емес һәм басшысына бағынбай, өз дегенін істеп, халықтың арасына іріткі салу емес, көз жасы емес, демоктария деген – ең алдымен тыныштық пен тәртіп. Қылышынан қан тамып сол бір қорқыныш дүниені кезіп жүр. Осыдан сақ болсақ, әлі талай-талай зау биіктерді бағындырарымызға кәміл сенемін!
Әзірлеген: Біржан Ахмер