Заңгер: Оғыз Доғанның талабы 100% заңды әрі негізді

/uploads/thumbnail/20170816100446536_small.jpg

Заңгер Абзал Құспан өзінің Facebook парақшасына Түркия азаматы Оғыз Доған мен "Эйр-Астана" әуе компаниясы қызметкері арасындағы тілге қатысты кикілжіңге заң тұрғысынан түсініктеме берді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Абзал Құспанның айтуынша, түркиялық журналист аталмыш компанияны сотқа берер болса, жеңіске жетеді. Оған өзі кепіл болып отыр. 

"Кез келген салада олардың қызметін реттеп отыратын өзінің салалық, яғни профильді заңдары болады. Әуе саласына қатысты заң, ол – «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі №339-IV Заңы болып табылады. Аталған Заңның 56-бабы, 6-бөлігінде былай деп көрсетілген (сөзбе-сөз) «Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің кабина экипажының мүшелері жолаушыларға қызмет көрсетуде қазақ тілін еркін меңгеруге міндетті». 
Одан бөлек, Оғыз Доған «Эйр Астана» компаниясының қызметін тұтынушы, ал компания қызмет көрсетуші ретінде, екеуара қарым-қатынасы «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы №274-IV Заңының 24, 25, 26-баптарында қызмет көрсетушінің тұтынушыға ақпараттарды қазақ және орыс тілінде жеткізу міндеті тайға таңба басқандай анық көрсетілген!" – деп жазды Абзал Құспан. 
Сонымен қатар, заңгер тіл мәселесін тек билікке ысырып қоймай, оған қатысты заңдарды жұмыс жасату халықтың қолында екенін айтады. 
"Егер біз, өз құқығымызды талап етуден қорықсақ, бір бет арыз жазуға ерінсек, мемлекеттік органдар қайтіп іске араласпақ? Сіздің құқығыңыздың бұзылып жатқанын олар пал ашып білмек пе? 
Ұзын сөздің қысқасы, әуеде жүрсеңіз де, жерде жүрсеңіз де өз ана тіліңізде, мемлекеттік тілде қызмет көрсетілуін талап етіңіз, егер ол талабыңыз орындалмаса, тиісті мемлекеттік органға немесе сотқа арыз, талап қоюды жаппай қолға алайық. Ана тіліміздің абыройын асқақтатуға сөзбен емес, іспен үлес қосайық!" – деп сөзін түйіндеді заңгер. 

Абзал Құспан өзі де "Эйр-Астана" әуе компаниясының президенті Питер Фостерге шағым түсірген. Онда аталған компания ұшағымен ұшқанда қазақ тілінде қызмет көрсетілмегендігін жазып, шағымданған. 

Айта кетейік, осыдан екі күн бұрын "Эйр-Астана" компаниясы ұшағымен ұшқан түркиялық журналист Оғыз Доған жолсеріктен қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап еткен. Алайда талабы орындалмады. 

Оставить комментарий

Связанные Статьи