08 Желтоқсан, 2021 Әлем
Фото: Ашық дереккөз
Жапондық кәсіпкер Юсаку Маэзава Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) сапар шегіп, ғарышқа шыққан миллиардерлер қатарына қосылды.
Маэзава отырған ресейлік зымыран Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшты.
Ол ХҒС-та 12 күн болады деп күтілуде. Миллиардер соңғы жылдары стансаға барған алғашқы ғарыштық турист.
Бұл Маэзава мырзаның 2023 жылы болатын Айға сапарының алғышарты.
Сәрсенбі күнгі ұшыруда Маэзава мырза ресейлік ғарышкер Александр Мисуркинмен және миллиардердің досы Йозо Хираномен бірге болды. Йозо Хирано YouTube арнасы үшін саяхатты түсіріп жатқан бейне продюсер.
Маэзава ұшырылғанға дейін қатаң жаттығу бағдарламасынан өтті, оған көлбеу төсекте ұйықтау, орындықта айналу және ұзақ уақыт бадминтон ойнау кіреді. Мұның барлығын ол әлеуметтік желіде көрсеткен.
Ол америкалық миллиардер Джефф Безос пен ұлыбританиялық дәулетті адам Ричард Брэнсоннан кейін ғарышқа ұшқан миллиардер. Оның бұл сапары 88 млн долларға бағаланған.
Forbes журналы оны 1,9 миллиард доллар жеке байлығымен Жапонияның 30-шы ең бай адамы деп атады.
Ол 2019 жылы Илон Маскқа тиесілі SpaceX компаниясы арқылы Айды айнала ұшатын алғашқы жеке жолаушы болатыны жарияланған.
"DearMoon" деп аталатын бұл рейс 2023 жылы болады деп жоспарлануда. Маэзава наурыз айында өзімен бірге сегіз адамды ғарыш сапарына алып жүретінін және бүкіл жолдың құнын көтеретінін мәлімдеген.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір