03 Қаңтар, 2022 NEWS
Фото: КазТАГ
КазТАГ ақпарат агенттігі редакциясына "Маңғыстау облысына Ұлтық гвардияның екі әуеборты аттанғаны" туралы хабар келіп түскен.
Ақпаратқа байланысты ішкі істер министрлігі мен Маңғыстау облысы полиция департаменті пікір білдірмеген. Тек облыс әкімінің баспасөз хатшысы Серікжан Ерментаев өзінде мұндай ақпарат жоқ екенін айтқан.
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы тұрғындарының газ бағасы қымбаттауына байланысты наразылық акциялары жалғасып жатыр.
Қала аумағында интернет пен ұялы байланыс істемейді. Әлеуметтік желі арқылы түрлі ақпарат жетіп жатыр.
Соңғы ақпараттарда қала ішінде қарулы күзет күшейгені, наразы азаматтарды облыстың өзге де аудандары қолдап көшеге, алаңға шығып жатқаны айтылады.
Журналист Оңғар Қабден Facebook парақшасында "бүкіл Маңғыстау облысы митингке шыққаны" туралы мәлімдеді.
Сондай-ақ Жаңаөзенге баратын барлық жолдар жабылғаны хабарланды.
Желіде белсенділер Жаңаөзен тұрғындарын қолдау мақсатында Қарағанды, Алматы қалаларында митингке шығуға шақырып жатыр.
Белгілі заңгер Абзал Құспан әлеуметтік желіде Жаңаөзенге қолдау білдіргендердің біразы жекесіне шығып жатқанын жеткізді.
Айтуынша, митингке шыққандардың әрекетіне арандатушылық деп құқықтық баға берілуде.
– Иә, қылмыстық кодексінде арандатушылық әрекеттер үшін – қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Кодекстің 28 бабы, 4 бөлігінде сөзбе-сөз былай жазылған: “Басқа адамды азғыру, параға сатып алу, қорқыту жолымен немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiрген адам айдап салушы деп танылады”.
Яғни, егер Сіз осы жағдайды пайдаланып, Жаңаөзендік ағайындарды қандай да бір қылмыстық іс-әрекет жасауға итермелесеңіз, тура мағынасында көндірсеңіз (!), онда Сіздің әрекетіңіз арандатушылық деп танылуы бек мүмкін!
Алайда, Жаңаөзендіктерге, осындай қиын жағдайда қолдау білдіру, ол ешқандай да арандатушылыққа жатпайды! Жаңаөзендіктерді қолдау, елдің қос өкпесінен қысып бара жатырған қымбатшылыққа, оны ауыздықтауға шарасыздық танытып отырған Үкіметке, билікке наразылық білдіру! Ал ол – Сіздің Конституциялық құқығыңыз, – деді заңгер Абзал Құспан.
Айта кетейік, 2022 жылғы 1 қаңтадан бастап Жаңаөзенде "көгілдір" отын бағасы кенеттен 120 теңгеге дейін өскен. Тұрғындар кешелі бері газ бағасын 60 теңгеге дейін түсіруді бейбіт түрде талап етуде.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір