• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

14 Қараша, 17:21:18
Алматы
+12°

«Мойынқұмның тумасымын. Әлі есімде, кішкене кезімізде бүкіл ауыл болып, тамыр жинауға шығатын. Сол жиналған тамырдың арқасына бүкіл ауыл тұрмысын түзейтін. Оның ішінде менің әкем де бар. Тіпті, бізді де сол тамыр жинап жүріп тапқан нәпақасымен оқытқан еді.  Енді араға қаншама жыл салып, сол ауылдағы тамыр біткенді шетелдіктер емес, енді біздің жігіттер тереді. Себебі біз тамырын жинап жүрген сұңғыла өсімдігінен жасалған шәйді енді өзіміз өндіреміз». Бұл – кәсіпкер Ардақ Тәукебаеваның бізге берген сұхбатының үзіндісі. Көп балалы ана декреттік демалысы кезінде үйде бос отырмайын деп  қазақтың өзі сынды үйде баламен отырған көптеген қыз-келіншектерінің басын қосып, желілік бизнесте бұрын бірде бір қазақстандық кәсіпкер жете алмаған үлкен жетістіктерге жетеді.

      Өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазып қойғандай, «Қарапайым әйелден миллионер жасаймын» деген сөзінде тұрып, көптеген қыз-келіншектердің қомақты табыс табуына көмектеседі. Желілік бизнесте жүріп, өзі сататын өнімдердің құрамын, пайдасын зерттеп жүргенінде үш жыл бұрын жерлес ағайының бірі келіп ұсыныс айтады.  «Өзімізде өсетін сұңғыла деген өсімдіктің тамыры бар. Оны үнемі шетелдіктер теріп әкетеді, сол шөпті неге сыртқа бергенше өзіміз өндірмейсіңдер?» деген ұсынысын айтады. Осылай Ардақ Жексенбайқызы әпкесі Айнұр Тұрсынбаева мен бауыры Дархан Бекпановпен бірігіп, табиғи, таза органикалық өнімдер шығаратын SAAD компаниясын құрады.

      «Есімде еміс еміс тамыр жинауға шығатынбыз ауылда. Сол тамыр ауылдағы қаншама отбасын асырап отырды. Оның ішінде әкеміз де бар. Тамырдың арқасында оқуға да түскенбіз. Кейін жерлес ағайымыз келіп,  «Ардақ, осы Мойынқұм деген жерде тамыр өседі,  сұңғыла деген. Мысалы, женьшень шөбін -  өмір эликсирі деп атап жүр ғой, ал ана  сұңғыла сол шөбіңнен  бес есе мықты қасиетке ие. Бір жыл үзбей ішкен адамның бойында ешқандай дерт қалмайды. Сол алтынға тұрарлық шөптің қызығын Жапония, Қытай елдері көріп жатыр. Бізден келіп, жинап кетеді, біз тамырды жинап бергенімізге мәзбіз, содан табатын тиын-тебенді қанағат қылып отырмыз. Қолға алсаңдаршы» - дейді. Жалпы, бұл сұңғыла ж ылына бір рет қана гүлдеп, шіріп кетеді екен. Сол мезгілде қытайлықтар мен жапондықтар келіп, түк қалдырмай теріп кетеді екен. Аға айтып тұрғанда менің есіме түсті, «а, баяғы біздің ауылдағы азаматтар жинап жүрген тамырымыз сол екен ғой» деп. Ағаның ұсынысын ести сала,  Айнұр әпкем, бауырым Дархан үшеуміз зерттей бастадық. Өздеріңіз де интернеттен теріп көріңіздерші, сұңғыла, орысшасы цистанхе деп аталатын өсімдік тамырының емдік қасиеті орасан. Қайрат ағаны зауыттың ашылу салтанатына шақырған кезімізде көзіне жас алып, сөйлеген еді. «Қолыма осы тамырды алып алып, қаншама шенеуніктің есігін қағып, мен мен деген бизнесмен, депутаттарға барып , осы өсімдіктің пайдасын айтудан шаршамадым. Неге өзіміздегі алтынды шығармайсыңдар деп  17 жыл бойы жүрдім. Өзімнің қолым қысқа, ол үшін қомақты қаражат керек болғандықтан, қанша кәсіпкердің де есігін қақтым.  Бұл - теңдессіз шөп» - деген ағамыздың өзі де көп балалы әке. Жетінші баласы алпыс жасында дүниеге келген екен. Сондықтан да осы шөптен шәй шығарамыз дегенде ерекше қуанған азаматтардың бірі осы кісі болды.  - .Содан біз тамыр жинау науқанын ұйымдастырып жүрген адамдарды  тауып, келісім шарт жасадық. Технологтардың қызметіне жүгініп, арнайы мамандармен кеңестік. Зерттеп, қолға алар кәсіпті бақылап алудан өзге емдік қасиетін пайдаланатын болғандықтан түрлі сараптамалар жасаттық. Ол сараптамалардың дайын болуына да ұзақ уақыт кетті. Біз сол аралықта зауыттың құрылысымен жүрдік. Бауырым дархан шетелден бұл кәсіпке қажет құрылғыларды арнайы тапсырыспен алғызды» - деді кәсіпкер Ардақ Тәукебаева.

Осы ретте, біз де сұңғыла шөбі туралы ақпараттарды ақтарып көрдік.

«Сұңғыла» деген шөп көбіне қауын еккен алқаптарда, сексеуілді аймақтарда өседі екен. Әсіресе, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданының бетпақ даламен шектесетін жерлерінде көптеп өседі. Ми қайнатар аптап ыстықта бүр жаратын гүлдің негізгі қасиеті  тамырында екен. Шығыс медицинасында бұл тамырдан бауыр ауруларына қарсы дәрі жасап шығарады. Сұңғыла тамыры қайнаған құмның арасында өсетін сексеуілдің тамырына жармасып нәрленеді екен.

   Сұңғыланың емдік қасиеттері жетерлік. Құрамында көмірсулар, янтарь қышқылы, иридоид, стероид, фенол, лигнандар бар. Оның тамырын дәрілік қасиетіне байланысты Қытай, жалпы Азия елдері медицинада жиі қолданады. Цистанхе бүйрек аурулары (нефрит, пиелонефрит, цистит), жыныс жолдары аурулары, бедеулік, несеп түтігі, несеп жолдарының ауруларын емдеуде жақсы әсер етеді. Қан айналымын реттейді, терінің ісінуін, ауруды басады. Мәселен, Қытайдың дәтүрлі медицинасында оны бедеулік, арқа және тізе сынуы, Ян бүйректерінің жетіспеуінен сіңір және сүйектің әлсіреуі, қанның азаюы, іштің қатуы секілді ауруларға қарсы пайдаланады екен.

     «Сұңғыланың пайдасы - ең күшті антиоксидант, вирусқа қарсы немесе ағзаға вирус еніп үлгерсе, сұңғыла -  солардың бәрін жойып жіберетін қасиетке ие» - дейді кәсіпкер. - Ер азаматтардың күш қуатына мықты көмектеседі екен. Қазір мәселен, жастар энергетик көп  ішеді ғой, сол энергетикалық сусындардың орнын басатын шәй десек те болады. Мықты сергектік беретін қасиеті бар. Қазір біз сұңғыла шәйімізге деген сұраныс жоғары. Бір ауруы үшін алып кетіп, басқа да ауруынан айыққандар міндетті түрде кеңсемізге қайта келеді. Әйтпесе, жар салып, жарнамасын жасап та жатқанымыз жоқ. Компанияның ашылғанына екі ақ ай болды. Инстаграмда да айқайлатып жатқан жоқпыз. Келген адам қайтып келіп алады, бүйрегімде тас бар еді, соның еміне алған едім, қан қысымымды реттей бастады, жеңіл сезіне бастадым» деп алғысын білдіріп жатқандар көп. Өзіміздің елде өсетін шөптер, байлығымыздың  басым бөлігі  – шетелге кетеді, ашығын айтайық,  олар өндіреді де, сыртын әдемілеп, өзімізде бар дүниені – өзімізге екі есе бағада сатып жатыр. Ал, біз халыққа қол жетімді бағада шығарамыз деген мақсат қойған едік өзімізге, сол мақсаттың үдесінен шығу үшін жұмыс істеп жатырмыз» - деді кәсіпкер.

    Ардақпен  сұхбаттаса отырып, кәсіпкердің бизнестен пайда табудан бұрын өзімізде шығатын дүниеге өз кәсіпкерлеріміз қолдау білдірсе, әрқайысымыз еліміз үшін жұмыс істесек, сыртқа жем болмай, өз елімізді өркендетер едік деген жанашырлығын байқадық. Ендеше, қазақ даласында өсетін өсімдікті өзгелерге жинап бермей, арнайы мамандарды оқытып, дайындап, қаншама жұмысшыны жұмыспен қамтамасыз ете отырып, өз өнімімізді шығарып отырған кәсіп иелеріне сәттілік тілейміз. Тамырымыз расында да өзімізден ажырамаса екен. Ал, сұңғылаға келсек, Қытай медицинасында бұл шөп екі мың жылдан бері қолданылады екен. Бізде сұңғыланы «қасқыр жемі» деп те атайды. Себебі қатал қыстан есеңгіреп, әлсіреп шыққан аш қасқырлар сұңғыла жеп, мамыр айына дейін құлақтанып шығады екен.

СОҢЫ...

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: SAAD компаниясы тамыр

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір