Заң кіріс құжаттарына мемлекеттік тілде жауап беруге тыйым салмайды, құрметті Елбасы!

/uploads/thumbnail/20170708221141320_small.jpg

Бүгін «Орыс тіліндегі хатқа қазақша жауап берген шенеуніктер қызметінен қуылсын» деп өзіңізге шын жанашыр, ақ жүрек жұртыңызға жаға ұстаттыңыз. «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген заң талабын тек қазақтарға ғана міндеттейтін «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген бұрынғы бір сөзіңізді сол ақжүрек жұртыңыз құран сөзінен кем көрмей ұстанып келді. Айналасына үлгі етті. Сіздің сарабдал саясатыңызбен қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болады деп үміттенді.  Бұл үмітті жыл сайын артып келе жатқан қазақ саны да күшейте түсті.

Сізге «Өңірлерде кейбір шенеуніктер орыс тілінде өтініш жасағандарға қазақша жауап қатып жатыр» деген өсек жетіпті. Сол «өсек» Сізге бүгінгідей мәлімдеме жасатып отыр. Осы жерде мемлекеттік маңызды шешім шығаруда қоғамдық пікір мен салмақты зерттеулерді емес, күмәнді «өсекті» басшылыққа алғаныңызға назар аудармай-ақ мына бір жағдайларға тоқталып өтсек дейміз.

Мемлекеттің тобырдан, алғашқы қауымдық, тайпалық бірлестіктерден айырмашылығы белгілі-бір тәртіппен әзірленген заң жүйесінің болуы. Бізде де сондай заң жүйесі бар. Атаң заң – Конституция да, сол Конституцияны негізге алған «Тілдер туралы» заң да, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заң да қазақ тілінің мемлекеттік мекемелерде ресми қолданылуын тайға таңба басқандай етіп көрсетеді.

Конституцияның 7-бабы: «Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі» десе, «Тілдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңдар сол конституция талабын жүзеге асыру жолдарын анықтап берген. Сіз айтқан мәселе, яғни, мемлекеттік органдарға орыс тілінде жазылған өтініштерге қазақ тілінде жауап беру – заңға қайшы емес. Осы жерде жоғарыда аталған екі заңнан да кіріс құжаттарына жауап беру тәртібі туралы үзінділер келтірейік.

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 221 «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының «Өтiнiштерге берiлетiн жауаптар» деп аталатын 10-бабының 1-тармағында: «Өтiнiштерге берiлетiн жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сiлтеме жасай отырып, мазмұны бойынша негiзделген және дәлелдi, мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш берiлген тiлде болуға, арыз берушiнiң қабылданған шешiмге шағым жасау құқықтарын түсiндiре отырып, оның дәлелiн жоққа шығаратын немесе растайтын нақты деректердi қамтуға тиiс» делінген. Ал, Сіз бұлжытпай орындалуын талап етіп отырған «Тілдер туралы» Заңның «Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап» деп аталатын 11-бабы да:  «Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi», - дейді. Екі заңда да мемлекеттік мекемелерде кіріс құжаттарына мемлекеттік тіл мәртебесі бар қазақ тілінде жауап беруге болатыны айтылған. Яғни, кіріс құжатына жауапты мемлекеттік тілде немесе өтiнiш жасалған тiлде беру - мемлекеттік лауазымды тұлғаның өз таңдауындағы мәселе. Бұл заңдардың ешқайсысында мемлекеттік мекемелер азаматтардың өтініштеріне ол өтініштер қай тілде түссе, сол тілде жауап берсін деген міндет жоқ. Мұны түсіну үшін кәсіби заңгер болудың қажеті шамалы. Заңның кез-келген азаматқа түсінікті болатындай етіп әзірленетіні де содан.

Құрметті Елбасы, жоғарыда келтірілген жәйттер айналаңыздағы бағыныштыларыңыздың Сізге қате ақпарат беретінін, заң талаптарының орындалуына қатысты теріс түсініктегі азаматтар екенін білдіреді.  Әйтпесе, нағыз проблема барлық шенеуніктер еркін сөйлейтін орыс тілінің емес, Тәуелсіздікке 25 жыл толғанына қарамастан өзіне тиесілі заңды мәртебесін иелене алмай отырған қазақ тілінің басында емес пе?! Осы уақытқа дейін мемлекеттік мекемелердің қазақ тіліне немқұрайлы қарайтындығы туралы арыз-шағымнан көз сүрінеді. Ал, орыс тіліндегі өтінішіне өзге тілде жауап алып, «құқығы тапталған» жанды көре алмадық. Бәрі заңды. Бәрі өзіңіз қол қойып, бекіткен заңдарға сай, Елбасы мырза!

Мына экономикалық дағдарыс қос бүйірден қысып, халықтың әлеуметтік ахуалы қиындап, ел арасындағы билікке деген наразылық ушығып тұрған мына шақта Сіздің мұндай мәлімдемелеріңіз Сізге де, өзіңіз басқарып отырған мемлекеттік аппаратқа да еш абырой әпермейді. Қайта халықтың шамына тиіп, бұқараны шалт қимылдарға итермелеп жібеуі мүмкін.  Қазақстандағы тіл мәселесі осы күнге дейін мемлекеттің күш салуымен емес, табиғи себептермен шешіліп келеді. Сондықтан да Сіз мұндай мәнсіз-мағынасыз мәлімдемелерден тыйыла тұрып, айналаңыздағылармен айналысқаныңыз жөн сияқты. Ең алдымен Сізге өзіңіз айтқан «өсектерді» жеткізуші көмекшілеріңізден жауап алыңыз. Қандай мақсатпен, қандай оймен Сізге ондай мәлімет беріп жүргенін анықтаңыз. Бәлкім арттарында ел ішін дүрліктіріп, арандатушылық туғызуды мақсат еткен арам пиғылдылар тұрған шығар. Олай дейтініміз, Сіздің бүгінгі мәлімдемеңізді құрылтайшылары мен қожайындары күмәнді бірқатар орыс тілді ақпарат құралдары жерден жеті қоян тапқандай жалаулата жариялап жатыр. Осыған да мән бергейсіз.

«Айналаңызбен айналысыңыз» дегендегі тағы бір айтпағымыз, жоғары билік тізгінін ұстаған премьер-министр, вице-премьерлер, Бас прокуратура, Жоғарғы сот, Конституциялық кеңес басшыларының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін, қазақ тіліне деген көзқарасын біліңіз. Ана жолы «Қазақ тілінің заңға қатысы жоқ» деген биліктегі екінші адам Қасым-Жомарт Тоқаев та аңдамай сөйлеп, абыройсыз қала жаздаған еді. Соларды тезге салыңыз. Егер шын мәнінде заңға сай талап қойса, биліктегі Кәрім Мәсімов, Әсет Исекешев, Ерболат Досаев, Бақыт Сұлтанов, Данияр Ақышев, Нұрлан Нығматуллин бастаған біраз лауазымды тұлғаның қазақ тілінде хат әзірлей алатындығына күмәніміз бар. Қазақ тілінің қолданыс аясы табиғи түрде кеңеюіне ең алдымен сол айналаңыздағылар кедергі келтіріп отыр. Сіздің абыройыңызға көлеңке түсіретін «өсек» тасушылар да – солар. Өйткені, оларға Сіздің «Мемлекеттік тіл – барлық қазақстандықтарды біріктіруші фактор» деген ұстанымыңыз мүлдем ұнамайды.

Дархан Мұқан

 

Қатысты Мақалалар